Астананың ескі бөлігінде гараждар бұзылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлия Молдағұлова көшесі ауданында орналасқан 1,4 гектар жер телімін саябақ салу үшін Астана әкімдігі сатып алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қолданыстан шығарылатын жер телімінің шекарасына «Олимпиада-80» жекеменшік гараждар кооперативі, Ә. Молдағұлова көшесі, 21/1 мекенжайындағы №9 спорт мектебі, ТП-132 трансформатор станциясы, Ә. Молдғұлова көшесіндегі №19 және №21 жатақханалар кіреді», делінген Астана құрылыс және тұрғын үй саясаты басқармасының ҚазАқпараттың ресми сауалына берген жауабында.

Учаске саябақ құрылысы жобалау үшін табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасына беріледі.

Гараж кооперативінің аумағы толық алынады. Бюджеттік бағдарламаға сәйкес, 2017 жылы гараждармен бірге жер телімдерін сатып алуға 153,2 миллион теңге бөлінген.

Спорт мектебі мен трансформатор ағымдағы жылдың 15 сәуірінен бастап бұзылады.