Астананың халықаралық әуежайында контрабанда тасымалдаушы ұсталды

АСТАНА. 23 мамыр. ҚазАқпарат/Айнұр Кенебаева/ - Астананың халықаралық әуежайында контрабанда тасымалдаушы қолға түсті.

Бұл туралы Астана қаласы бойынша Кедендік бақылау департаментінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Таратылған ақпаратқа сәйкес, Кедендік бақылау департаментінің Контрабандаға қарсы күрес қызметкерлері "Үрімші-Астана" бағытымен келген авиарейске тексеріс жүргізу барысында ҚР азаматынан Кедендік одақ аймағына әкелуге тыйым салынған арнайы техника құралдарын тәркілеген.
«Азаматтың қол жүгін тексеру кезінде 6 дана ғимараттарға орнатылатын аудиобақылау құрылғысы, 2 дана арнайы техникалық құрал, 2 дана құлаққап, 1 дана металл заттарын іздеу құрылғысы, 2 дана шағын аэрозольді баллондар тәркіленді», - деп нақтыланған ақпаратта.
Хабарламада айтылғандай, аталмыш заң бұзушылық фактісін тексеру барысында күдіктінің іс-әрекетінде ҚР ҚК 143-бабы, 3-тармағына (ақпаратты жасырын алу үшін заңсыз арнайы техникалық құралдарды алу, сату, өндіру, дайындау) сәйкес келетін қылмыс белгілері бар деп танылды. Қазіргі таңда бұл іс бойынша тергеуалды тексерісі жүргізілуде.