Астананың іргесінде Сайрамбайдың сансыз жылқысы жүр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кезінде мемлекеттің қойын бағып, жүз қойдан 150-ден қозы алып, алға шықтым. Уақыт өте келе өз шаруамды дөңгелеттім. Құдайға шүкір, қойдың саны 25 мыңға, жылқының басы екі жарым мыңға жетті, дейді елорданың іргесіндегі «Шәушен» шаруа қожалығының иесі Сайрамбай Дөненбаев «Астана ақшамы» газетіне берген сұхбатында.

Дөненбаевтар әулетінде атасынан қалған ер-тоқым сақтаулы тұр. Атасы жылқылы бай болған екен. Елді ашаршылық жайлаған кезде бар малын халыққа азық етіп, таратып беріпті. Ал астындағы жалғыз атын сойып берген соң өзі де дүниеден өткен екен. Әулетке қонған ырыс Дөненбайдың он үш баласынан аман қалған жалғыз тұяқ, «Шәушен» атанған Әліқұлға жетіпті. Әліқұлдан жеті бала тарап, олар ата-дәстүрін жалғастырып, бүгінде осыншама байлыққа кенеліп отыр.

«Шәушен» деп аталатын Әліқұл ұлдарының жеке шаруашылығы аяғынан тік тұрып, артық өсім болғанда ең алдымен 1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандары және 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жауынгерлеріне арналған ескерткіш ашады.

Исламда «мал-мүліктеріңді зекетпен қор¬ғаңдар» дейді. Қырық үй тұрғызып жұмысшыларына берген, ауыл орталығынан балалар жатып оқитын интернат ашып, ағаш отырғызып, саябақ салдырған Сайрамбай екен. Мешіт салдырып, имамның жалақысын да айырып отыру зекет есебінен беріледі. Одан бөлек мұқтаж жандарға көрсеткен қыруар көмегін сөз етіп отырған жоқпыз. Мал бағудың бейнетін бір адамдай білетін Сайрамбай Әліқұлұлы жылқыны асылдандыруды да жолға қойған. «Орлов» пен «Дон» жылқысын будандастырып, ет бағытындағы ыстық-суыққа төзімді, тез қоң байлайтын жылқы түлігін өсіріп шығарды. Қой малын асылдандыру жұмысы да жүргізілуде. «Әрине, мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Өткізілген еттің әр килограмына 100 теңге демеу қаржы (дотация) аламыз. Жылқы үйірлерін әлі де көбейтуге болар еді, бірақ дайын өнімді алып тұратын кепілді мүмкіндік қарастырылмаған. Өз өнімдерімізді өзіміз базарға апарып сатып жатқан жайымыз бар. Бұл да жақсы. Алайда, базардың нарқына, халықтың сұранысына қарап қана жоспарлай аламыз. Мал басын көбейтуге осы да кедергі келтіріп тұр. Тендерге қатысыңдар деп жатады, соған қолымыз бір жетпей қойды. Есігінің алдында «тышқақ лағы жоқ» адамдардың тендер ұтып алып, шаруасын «дөңгелетіп» жүргенін естіп, таң қаламын. Одан бөлек, көріп отырсыздар, шаруашылығымыз қаладан аса қашық болмаған соң, желі басынан жаңа сауылған биенің сүтін ішуге келушілер көп. Көзін тапқанға малдың берекесі жетіп артылады. Оның өнімдерін сататын осы жерден шағын дүкен ашайын десем, рұқсат қағаздарын алудың машақаты көп екен. Айта берсеңіз, мәселе жетеді»,- дейді Сайрамбай Дөненбаев.