Астананың іргесіндегі нысандардың құрылысына инвестиция тартылуда

КӨКШЕТАУ.ҚазАқпарат-Ақмола облысының Целиноград ауданы аумағында орналасқан әлеуметтік нысандардың құрылысына «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жеке инвестиция тартылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ішкі саясат басқармасының мəліметі бойынша Ақмола облысының әкімі Мəлік Мырзалин мен «Агрофирма «Родина» ЖШС басшысы Иван Сауэр арасында жасалынған ынтымақтастық туралы меморандум шеңберінде құны 29,5 миллион теңгеге Родина ауылында дәрігерлік амбулаторияның ғимаратын күрделі жөндеу жəне күндізгі стационардың құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Қазіргі кезде, құрылыс жұмыстары аяқталып, стомотологиялық, электрокардиографиялық құралдар, ультрадыбыстық терапия аппараты тәрізді медициналық жабдықтар орнатылды.

Сонымен қатар, құрлытайшы «BI Group» ЖШС директоры Бауыржан Исабаевтың демеушілігімен жасанды жабындысы бар футбол-баскетбол алаңының құрылысы жүргізілуде. Бұл жобаның құны 11 миллион теңге.

Ауданның тағы бір тумасы «Шаңырақ басқарушы компаниясы» ЖШС бас директоры Александр Лоренц құны 5 миллион теңгеге Бірлік ауылында 50 орындық бастауыш мектепке жөндеу жұмыстарын жүргізуде.

Оған қоса Отаутүскен ауылында 50 орындық бастауыш мектептің құрылысы қолға алынған. Оны Қанат Жəкенов басшылық ететін «Көкше Жемчуг» ЖШС жүзеге асыруда. Жоба құны 12 миллион теңге.

Сонымен қатар, демеушілердің көмегімен ауданда денсаулық сақтау басқармасының нысандары мен 200 жəне 50 орындық мектептің құрылысын жүргізу жоспарда бар.