Астананың қаламаңы автобустары қозғалысына шектеу енгізілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорданың қашықтау қалмаңына қатынайтын барлық автобустардың қозғалысына шектеу енгізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Астана LRT» ЖШС-не сілтеме жасап.

«Қаламаңы аумағындағы ауа райының қолайсыздығына байланысты жол жабындысы нашарлап, кей жерлерде көктайғақ орын алды. Осыған байланысты сағат 18-00-ден бастап қашық бағыттарға қатынайтын № 300, 308, 309, 310, 315, 316 қаламаңы автобустарының қозғалысы тоқтатылды», - делінген таратылған ақпаратта.

Сонымен қатар аталған компания таяу аралықтағы қаламаңына қатынайтын қалған № 304, 313, 80, 306, 311, 307, 302, 301, 303, 35, 103 автобустардың қозғалысы штаттық режімде жүзеге асырылатындығын атап өткен.

Бұған дейін елордада қардың қалың түсуіне және көктайғаққа байланысты қалалық барлық қызметтер күшейтілген жұмыс режіміне көшірілгенін хабарлаған едік.