Астананың қарын тазалау үшін күніне 30-35 млн теңге жұмсалады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласын қардан тазалау үшін күніне 30-35 млн теңге жұмсалады. Бұл туралы бүгін кешке журналистермен бірге қаланы аралап көрген әкімнің орынбасары Қосман Айтмұхамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Нақты цифрын білмеймін, бірақ, қар тазалау үшін күніне 30-35 млн теңге шамасындағы қаражат жұмсалады. Қала бойынша қар тазалауға жалпы екі мыңнан аса техника тартылады. Ал, қар тазалайтын бір техниканың бір сағаттық жұмысы 4000 теңге. Бұл баға әрине аспаннан алынған жоқ. Әкімдіктің тұрғын үй-коммуналдық басқармасы калькуляция жасайды, яғни, бағаны басқарма бекітеді»,-деді Айтмұхамбетов.

 

Әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлағандай, қаланың қарын тазалауға жалпы 2177 техника тартылған. Қосман Айтмұхамбетов бұл техникалардың барлығы күні кешке дейін жұмыс істемейтінін, қажетті жұмысты атқарғаннан кейін, тоқтап тұратынын хабарлады.

«Техникалар күні бойы жұмыс істемейді. Мысалы, қар сыпыратын машина қар сыпырып болды ма, сол күні қайтып жұмысқа тартылмайды»,-делді көліктердің бір сағаттық қызмет ақысын айта келе Айтмұхамбетов.