Астананың қай көшелері абаттандырылады

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордалық урбанистика орталығының бөлім басшысы Аслан Қандығұлов қаланы абаттандыру бойынша қандай жұмыстар атқарылғанын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ақбұлақ өзенінің жағалауы Амман көшесі мен Тәуелсіздік даңғылына дейін абаттандырылды. Ал көпірлердің астында Ақбұлақ өзені бойындағы саябақ кластерін жалғайтын жаяу жүргіншілер өткелдері ашылды. Сәтбаев көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолының бірінші бөлігі ашылды. Есіл өзенінің жағасында Бейсеков көшесінен Көктал елді мекеніне қарай қоғамдық кеңістікті абаттандыру жұмысы жүріп жатыр. Осылайша, амфитеатр, спорт алаңдары, серуендеу орындары, ойын алаңқайлары жабдықталады», - деді А. Қандығұлов Астана коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Сонымен бірге, орталық жағалаудың тарихи көшелері – Желтоқсан, Бейбітшілік, Бұқарбай батыр, Ә. Мәмбетов көшелері көркейіп келеді. Бұл жұмыстар жаңа қоғамдық кеңістіктерді бұрын құрылған кеңістіктермен байланыстыруға мүмкіндік береді. Яғни «Демалыс променад» жаяу жүргіншілер көшесі, «Театральный» бульвары, «Қалалың алаң» тұтас кластер болмақ.

Сонымен бірге, Ақан сері – Фахд бен Абдул, Кенесары – Бейсекбаев, Кенесары – Егемен Қазақстан, Қордай – Н.Ахметбеков көшелерінің қиылысында, Абылай хан даңғылынан Құдайбердіұлы даңғылына дейінгі жағалауда, К.Әзірбаев көшесі, 10, Храпатый көшесіндегі қоғамдық кеңістіктер абаттандырылды.

Бөгенбай батыр даңғылында Ш. Айманов көшесінен Ш. Уәлиханов көшесіне дейінгі 10 ауланы қамтитын шаршы алаң абаттандырылады. Ш. Құдайбердіұлы даңғылы 5, 31, 36, 36/3, Қошқарбаев даңғылы 26, 39, Күйші Дина көшесі 46/1, 46/3, Мүсірепов көшесі 9 және басқа да мекенжайларда жұмыс жүргізілуде.

Алматы ауданында барлығы 66, Байқоңыр ауданында – 32, Сарыарқа ауданында – 30 аула мен қоғамдық кеңістік абаттанады, онда көгалдандыруға басымдық беріледі.

«Қаладағы Уәлиханов пен Сәтбаев көшелерін кешенді абаттандыру жұмыстары аяқталуда. Күмісбеков-Қосшығұлұлы көшелерінің қиылысында, Бөгенбай батыр даңғылының бойында жаңа қоғамдық кеңістіктер құрылуда. Қала ортасында 496 мың және Астананың жасыл белдеуінде 457 мың көшет егіледі. Көктемде Мәңгілік ел, Ұлы Дала даңғылдары, Бейсеков, Шарль де Голль, Сәтбаев көшелері көгалдандырылды. Біз жергілікті климатқа бейімделген ағаш түрлерін егеміз. Көшеттер елордалық жылыжайларда өсіріліп, көктемде және күзде отырғызылады», - деді Аслан Қандығұлов.