Агенттіктің ресми сауалына орай елорда әкімдігінен келген мәліметтерге сәйкес, олардың қатарында Астана қаласының халықаралық әуежайы, темір жол және автобус вокзалдарымен қатар «Керуен», «Аружан», «Хан Шатыр», «Азия парк» сынды ойын-сауық сауда орталықтары бар. Мұнан бөлек, Алау мұз айдыны мен Алатау спорт кешенінде де ғаламторға тегін кіре аласыз. Сонымен қатар елорданың бірқатар мейрамханасында да тегін WI-FI нүктесі орнатылған.
Жалпы, бүгінгі күні бұл жобаны «The One capital» компаниясы толықтай қаржыландырып, шығынның бәрін өз мойнына алып отыр. Соңғы уақытта тегін WI-FI нүктесін елордалықтардың белсенді түрде пайдалана бастағанын байқауға болады. Мәселен, осы жылдың ішінде ғана бұл нүктелерге 1 685 800 бірегей пайдаланушы қосылып, олар 79 225 гигабайт трафик жаратқан.
Айта кетерлігі, бүгінгі күні елорданың 550 қоғамдық автобусында да тегін WI-FI нүктесі орнатылған. Дегенмен, соңғы уақытта сымсыз интернетті пайдалану ережесіне енгізілген өзгерістер мен ұялы байланыс операторларының 4 G жүйесіне ауысуына байланысты қоғамдық көліктерге орнатылған құрал-жабдықтарды қайта орнату жұмыстары жүргізілуде.