Астананың қай жағалауында экология көбірек ластанған

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Экология саласының сарапшылары ҚазАқпарат тілшісіне елорданың қос жағалауындағы экологиялық ахуал туралы пікірлерін айтты айтты.

Эколог және қоғам белсендісі Азаматхан Әміртайдың ойынша, ел астанасының оң жағалауы сол жаңалауға қарағанда көбірек ластанған.

«Әрине, оң жағалауда экологиялық ахуал нашар. Себебі оң жағалауда ескірген инфрақұрылым нысандары көп. Іс жүзінде атмосфераны ластап тұрған өндірістік қуаттардың бәрі оң жағалауда орналасқан. Көмірмен жұмыс істейтін жылу-электр станциялары, техносаябақ, тіпті теміржол станциясы сияқты нысандардың бәрі атмосфераға көміртегі бөліп жатыр», - деді Азаматхан Әміртай.

Оның пайымынша, сол жағалауда жаңа инфрақұрылымдар бар болғанымен, көбі экологиялық тұрғыда таза.

«Сол жағалаудың жолдары кең, үйлері дұрыс орналасқан. Ал оң жағалауда тұрғын үйлер бір-бірімен иық тірестіріп тұр. Көшелер өте тар болғандықтан, жел ауаны тазартып үлгермейді. Ал ауаны сүзу мәселесі әлі шешілген жоқ», - деді ол.

Экобелсенді Тимур Елеусізов тұтас бір қаланың экологиялық жағдайын екі бөліп қарауды қисынсыз санайды.

«Менің ойымша, экологияда сол немесе оң жағалаудың ластануы деен ұғым жоқ. Утильде тұрғысынан алсақ, әрине, сол жағалауда қоқыс аз жиналады. Оң жақта көбірек, өйткені тұрғындардың санасындағы өзгеріс баяу жүріп жатыр. Жалпы, Нұр-Сұлтанда экология мәселесі өте өзекті. Себебі жер астысулары таязда жатыр. Сондықтан қардың бірден жерасты суларымен араласады. Бұл да өте үлкен мәселе, бірақ қазір оған бас ауыртып жатқандар аз», - деді сарапшы.

Эколог қаланың бүкіл аумағын көгілдір отынмен қамтамасыз еткенше ауаның ластануы бәсеңдемейтінін атады.

«Нұр-Сұлтанда тынық ауа райы болғанда көліктен шығатын түтін бірінші орындағы экологиялық мәселеге айналады. Қазір желден қорғану үшін тұрғын үй кешендерінің ауласын шаршы түрінде салу үрдіске айналды. Бұл да қаладағы ауаның желмен тазарып отыруына кедергі. Өйткені машинадан шыққан түтін ауда қалықтап тұрып қалады», - деп түйіндеді Тимур Елеусізов.