«Астананың киелі жерлері» картасына 20 тарихи-мәдени мұра ескерткіші кіреді

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астананың киелі жерлері» картасына 20 тарихи-мәдени мұра ескерткіші кіреді. Бұл туралы бүгін «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері жөніндегі сарапшылар тобының отырысында Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қазіргі әлемдегі бәсекеге қабілеттілікке, әсіресе мәдени бәсекеге қабілеттілікке баса назар аударға болатын. Сөз әлем жұртшылығы бізді мұнай ресурстарымен қатар сыртқы саяси бастамаларымызбен ғана емес мәдени жетістіктерімізбен білуі тиістігі жайында болып отыр», - деді ол.

Оның айтуынша, аталған жайтқа орай таяу уақытта «Елорда мәдениеті» бағдарламасы қабылданатын болады. Онда Астанада мәдениет пен өнерді дамытуға бағытталған шаралар көзделеді.

«Бұған қоса, танымал қазақстандық режиссерлер, драматургтер мен сценарийшілердің шығармашылық әлеуеттерін барынша пайдалана отырып, елорданың мәдени трендтерін және жаңа трендтерін одан ары ілгерілетуге басымдық беріледі. Бұл бағдарламаның негізгі жобаларының бірі елорда аумағындағы 20 тарихи-мәдени мұра ескерткішін топтастыратын «Астананың киелі жерлері» картасы болмақ. Олардың ішінде «Бозақ» мемориалды-сакралды кешені ерекше орын алады», - деді Астана әкімінің орынбасары.