Астананың коммуналдық қызметі қар тазалауға дайын ба

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов коммуналдық қызметтердің дайындығы жөнінде айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен жылы қалың қар жауды. «Қазгидромет» хабарлағандай, жауын-шашынның негізгі нормасы - 99 мм болса, өткен жылы 200 мм-ге жеткен. Соңғы рет мұндай қалың қар 60-шы жылдардың ортасында жауған. Біздің коммуналдық қызметтердің еңбегін бағалау қажет, олар күндіз-түні жұмыс істеді және көктемге қарай бір де бір су тасқынына жол бермеді», - деді Алтай Көлгінов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Әкімнің айтуынша, өткен жылы 100-ден астам техника сатып алынды, бұл қар тазалау кезінде айтарлықтай көмектесті.

«Естеріңізде болса, қандай боран, қар жауса да, жолдарда кептеліс болған жоқ. Қыс маусымына дейін қар тазалау бойынша қызмет көрсететін мердігер ұйымдармен жеке кездестім. Әрбір қалың жауған қарды тексереміз. Бұл жүйелі жұмыс. Әрбір мердігермен келістік: қалың қар жауған кезде қызметкерлерге қосымша бонустар берілу керек. Мұндай үлкен жұмысты бағалау және көмектесу керек деп есептеймін. Биыл біз «ҚДБ Лизинг» бойынша жүзден астам техника сатып аламыз», - деді А. Көлгінов.