Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы Рашид Аманжолов мәлім етті.
Атап айтқанда, осы жұмыстардың аясында Бейбітшілік көшесі, Ә. Молдағұлова көшесі, Мирзоян көшесі және салынып жатқан опера және балет театрына Қонаев көшесі арқылы өтетін көпірлі жаяу жүргіншілер жолын салу көзделген. Осыған байланысты, ағымдағы жылдың 13 шілдесінде сағат 23:00-ден Бейбітшілік көшесінің Бөгенбай батыр даңғылынан бастап Есенберлин көшесіне дейінгі бөлігі, Жеңіс даңғылынан бастап Республика даңғылына дейін Ә. Молдағұлова көшесі бойынша өтетін қозғалыс жабылатын болады.
Бейбітшілік, Ә. Молдағұлова, Мирзоян көшелерін қайта жаңарту 31 тамыз мерзіміне дейін автокөлік қозғалысын жабуды талап етеді. Қонаев көшесі - ағымдағы жылдың 1 қазанына дейін жабылады.
Таратылған мәліметтерге қарағанда, жол құрылысы жұмыстарын өткізу мен жол қозғалысын бір уақытта жабу қажеттілігі инженерлік желілерді жабдықтау бойынша үлкен жұмыс көлемімен байланысты. Жоба шеңберінде жылу желілері, сумен қамтамасыз ету және кәріздерді ауыстырудан басқа, жолды кеңейту, қосымша автокөлік орындарын салу, абаттандыру, соның ішінде жарықтандыру, көгалдандыру, жаяу жүргіншіге арналған жолдар мен жаңа бағдаршамдар, жол белгілерін және жол қозғалысын реттейтін басқа да техникалық құрылғыларды орнату қарастырылады.