Астананың оқу орындарында темекі тарту мен есірткі заттарын қолдануды анықтау мақсатында рейд өткізілді

АСТАНА. 24 ақпан. ҚазАқпарат - Астана қалалық ІІД қызметкерлері «Нұр Отан» ХДП, еріктілер және темекіге қарсы коалиция мүшелерімен бірігіп оқу ордаларында темекі тарту фактілері мен есірткі заттарын қолдануды анықтау мақсатында рейд жүргізді.

Бұл туралы қалалық ІІД-ден мәлім етті.

Іс-шара барысында бір күнде қала мектептерінде шылым шегу бойынша 30 факті тіркелді. Елордалық сақшылар оқу орындарының дәліздері мен дәретханаларына кіріп, оқу үзілісі уақытында темекі будақтатып тұрған бірнеше жасөспірімнің үстінен түсті. Жас өрендермен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, хаттама толтырылды. Есірткіге қатысты бірде-бір факті анықталған жоқ.

2010 жылғы 9 қазанда қабылданған «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» туралы Қазақстан Кодексіне сәйкес, қоғамдық орындарда, солардың ішінде мектеп қабырғаларында, денсаулық сақтау мекемелері, мұражай, қоғамдық тамақтану орындары, кинотеатрлар, цирк, спорттық залдарда темекі тартуға тыйым салынды.

ІІД-ден хабарлағандай, жыл басталғалы елордада Кодекс талаптарының орындалуына 124 тексеріс жүргізіліп, 224 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Әкімшілік кодекске сәйкес, заңды бұзғаны үшін жеке тұлғалар 1 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, егер әрекетін қайталаған жағдайда 2-ден 5 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлейді. Ал заң талаптары жұмыс беруші тарапынан бұзылатын болса 40 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұлмен жазаланады.