Астананың орманында қырғауылдар көбейіп жатыр
18:03, 29 Маусым 2012
АСТАНА. 29 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін «Астананың жасыл белдеуін» аралаған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жасанды орманға қырғауылдарды жіберді.
Бүгінде «Астананың жасыл белдеуіне» жауапты «Астана орманы» ЖШС ағаш отырғызумен ғана емес, қырғауыл сияқты орман құстарын өсірумен де айналысады. Ол үшін бұл жерде арнайы шаруашылық ашылған. Мұнда қырғауылдарды қолдан өсіру жұмысы жүргізіледі. «Астана орманы» ЖШС директоры Бағдат Азбаевтың айтуынша, өткен жылы 300 қырғауыл орманға жіберілсе, биыл күзде тағы мың шақты данасы елорданың жан-жануарлар әлемін толықтыратын болады.
«Бүгінде біз Астананың маңайындағы орманның биологиялық әр-алуандылығын жан-жақты дамытуға тырысып жатырмыз. Міне, бүгін қырғауылдарды жіберіп отырмыз. Қазір бұл жерде қоян, түлкі, елік де бар. Болашақта астаналықтар осы орманға шығып, толыққанды тынығатын болады», - деді Н.Назарбаев.