Оқыс оқиға 26 мамыр күні түнгі сағат 3 пен 4-тің аралығында орын алған. Демалыссыз жұмыс істейтін Республика даңғылының бойындағы айырбастау бөлімшесіне келушілер қарасы үзілмейді. Соны білсе керек, артқы жағындағы есікке бір жас жігіт келіп, күзетшіні сөзге тартады.
Есік ашыла сала, күдікті күзетшіге пышағын сермеп қалады. Екеуі арпалысып, шабуылдаушы күзетшінің мойнын кесіп түседі. Содан кейін бейнебақылау камераларын байқап қалған ол ештеңе алмастан оқиға орнынан тайып тұрған. Абырой болғанда, күзетшінің жарақаты ауыр болмай шықты, деп хабарлайды 31 арна.
Қазір полицейлер күдіктіні іздестіріп жатыр. Ал қаржы мекемесінің өкілдері бұл тәртіп сақшыларының бейқамдығынан дейді.
«Кенесары мен Иманов көшелеріне дейін 8 валюта айырбастау пункті бар. Соны қарап жатқан ешкім жоқ. Бұрын осы Республика даңғылының бойында тәртіп сақшылары жүретін», - дейді валюта айырбастау бөлімшесі директорының орынбасары Жомарт Құрмашев.