«Фейс-бақылауда тұрған сіздердің күзет қызметін тиісті дайындықтан өткізуге дайынбыз. Біз оларды есірткі пайдаланған адамды сыртқы келбетінен, яғни бет ажары арқылы анықтауға үйретер едік. Наркологтарды және Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының өкілдерін шақырамыз»,-деді бүгін елордалық түнгі клубтардың басшыларымен кездесу барысында Астананың ІІД есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бастығы Вадим Алтынбеков.
Сонымен қатар ол жаңағы ойын-сауық орындарының басшылары тарапынан олардың қызметкерлеріне қатысты күдік туатын болса, басқарма тарапынан тиісті тексеру жүргізуге көмектесуге дайын екенін жеткізді.
Бұдан бөлек В. Алтынбеков жиын барысында көңіл көтеретін орындарда есірткі заттарының таралуының жолын кесу бойынша меморандумды бекітуді ұсынды.
Осы орайда ол елордадағы көңіл көтеретін орындарда есірткі сату фактілері бұған дейін кездескенін ескеріп өтті.
Басқарма бастығының айтуынша, жыл басынан бері елордада есірткіге қатысты 250-ден астам қылмыс тіркелді. Айналымнан 350 келіге жуық есірткі заттары тәркіленді. Сонымен қатар биыл героин саудасының да үрдісінің өсуі байқалған екен. Мәселен өткен жылы 3 келіге жуық тәркіленген болса, биылғы жылы 7 келіге тарта героин тәркіленді.