Астананың Сарыарқа ауданында 800 орындық кәсіптік мектеп салынады

АСТАНА. 4 ақпан. ҚазАқпарат - Елорданың Сарыарқа ауданында 800 орындық кәсіптік мектеп салынады. Бұл туралы Астана әкімдігінің astana.kz сайтынан хабарланды.

Мәліметтерге қарағанда, бүгінде Астана қаласы Сарыарқа ауданында көпфункциялы тұрғын үй кешенін, коммерциялық нысандар мен өндірістік базаларды, әлеуметтік мәдени-тұрмыстық және білім беру нысандарын қоса есептегенде 80 құрылыс нысаны бар. 2012 жылы Сарыарқа ауданының аумағында Әуезов көшесі бойында №6 мектеп гимназиясының құрылысы, Беляков көшесіндегі 600 орындық №19 мектептің жапсарлас бөлігі, «Көктал» тұрғын үй алабының оңтүстік шығысындағы (280 орындық) және Сейфуллин көшесінің оңтүстігіне қарай орналасқан (240 орындық) 2 балабақша құрылысы жүргізілген. Әкімдік хабарламасына қарағанда, аталған нысандар пайдалануға ағымдағы жылдың көктемінде беріледі.

Сонымен қатар Сарыарқа ауданында кәсіптік-техникалық білім беру мекемелерінің озық желісі дамытылып жатыр. «Қазіргі кезде елорданың Бөгенбай батыр даңғылы бойындағы 800 орындық бейінді кәсіптік мектептің, сондай-ақ, Қарасай батыр көшесі бойындағы жалпы білім беретін оқу орталығының құрылыстары жүргізілуде. Бұған қоса, биылғы жылы энергоқамту және байланыс саласына оқытуға бейінді 800 орындық тағы бір кәсіптік мектептің құрылысын пайдалануға беру жоспарланған», - делінген хабарламада.