«Елорданың тұрғын алабтарында инженерлік желілерді қалпына келтіру және жөндеу, жолдар салу жұмыстары қолға алынды. Жалпы, 150 мыңға жуық адам тұратын 20 тұрғын алабын қамту көзделген. Бүгінгі таңда 232 шақырым жол салынды. 2011-2013 жж. 15 тұрғын алабында тиісті жұмыстар қарқынды жүргізіліп, 65,3 шақырым жол мен 136 шақырым инженерлік желі жаңадан салынды. 5 тұрғын алабында жұмыстар толығымен аяқталды», - деді Астана қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Рашид Аманжолов қалалық мәслихатта. Қазір коммуналдық шаруашылық басқармасы Оңтүстік-Шығыс шағынауданын абаттандырып жатыр. «2011 жылдан бері Оңтүстік-Шығыс шағынауданының оң жағын абаттандыру жобасы жүзеге асырылуда. Жұмыстардың басым бөлігі аяқталды. Қазіргі кезде 600-ден астам үй толығымен инженерлік желілермен қамтамасыз етілді», - деді Астана қаласының коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Павел Кулагин. Айта кетейік, тұрғын алабтарын орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосу Астана қаласының шеткері аудандарын дамытуда маңызды. Бұл ЖЭО-3 іске қосылғаннан кейін мүмкін болмақ. Жылу орталығының бірінші кезегін 2016-2017 жж. жылыту маусымында тапсыру жоспарланған, деп хабарланған елорда әкімдігінің ресми сайтында.
22:30, 17 Қазан 2014
Астананың шеткері аудандарына 65 шақырым жол мен 136 шақырым инженерлік желі салынды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астананың шеткері аудандарын дамыту қолға алынуда. Осы мақсатта 2010 жылдан бастап Астана қаласының шеткері аудандарын дамыту тұжырымдамасы жүзеге асырыла бастады. Құжат бойынша жолдар мен инженерлік желілерді салу, сонымен қатар тұрғын үй алабтарында адамдарға қолайлы жағдай жасауды кешенді түрде іске асыру қарастырылған.