Жәрмеңке 7-8 шілде күндері «Шапағат» коммуналды базары мен «Әлем» сауда үйі және Абылай хан даңғылы мен Есіл ХҚКО аумағында өтеді. Оған Астана қаласы мен Ақмола облысының кәсіпкерлері өз өнімдерін қояды.
«Тауарын тез өткізуге тырысқан пысық саудагерлердің айқайлаған даусы, түрлі-түсті тауарлар, дәмді тағамдардың исі - кез-келген тұтынушыны үлкен әсерге бөлемек», - деп жазады сайт.
Базардың басты ұраны: «Тұтынушыға бір табан жақынырақ!» деп аталады. Қаланың үш нүктесінде тауарөндірушілер бағасымен ауылшаруашылығы өнімдері қойылады. Тұтынушылар шығыс базарына нақты зат алу үшін немесе қыдырып келсе де оларға шығыс базары ерекше көңіл-күй сыйламақ.
«Дәстүрлі шығыс базарлары тек сауданың қызған ортасы ғана емес, тұрғылықты адамдардан елдің тыныс-тіршілігі туралы соңғы хабарларды еститін «ақпарат айнасы» болғаны жасырын емес. Ондай жерде сауданың нарқы пен парқын білетіндердің ұпайы түгел. Шығыс базарына тап болған жиһанкездер, жолаушылар ондағы қайнаған өмір жайлы айтса, данагөй қариялар алыс елдердегі ғажайыптар мен құпиялар туралы сыр шертеді. Базар нарқын білетіндер әманда сатып алушының да бабын таба біледі», - делінген хабарламада.