Астананың «түнгі соттары» қалай жұмыс істеуі мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қалалық сотының баспасөз хатшысы Ботагөз Баян «түнгі соттар» жобасы енгізілген жағдайда, қалай жұмыс істейтіндері туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құқық бұзушы өзінің айыпты екенін мойындап, келтірген залал көлемімен келіссе, қос тараптың да істі тезірек сотта қарау туралы өтініші болса, «Түнгі сот» пилоттық жобасы енгізілуі мүмкін. Сонымен бірге, судья істі зардап шегушінің келісімінсіз «түнгі сотта» қарай алмайды. Істі қарағанда прокурордың қатысуы міндетті. Құқық бұзушыға да білікті адвокат пен аудармашы берілуі тиіс», - деп жазды ол сот пен құқық қорғау органдарының жиналысынан кейін Facebook парақшасына.

Оның айтуынша, аталған шарттар сақталмаған жағдайда, іс бойынша сот өндірісі жалпы тәртіпте жүргізіледі.

«Бұл жобаны енгізу үшін жол көлік оқиғасы, жол тәртібін бұзу, тұрмыстық-отбасылық кикілжіңдер, ұсақ бұзақылық, миграция мәселелері бойынша әкімшілік құқық бұзушылық істерін қарап шығу ұсынылады», - деп атап өтті Ботагөз Баян.

«Түнгі соттарды» енгізу қажеттілігі жолда жүру ережелерін бұзғандардың көбеюіне қатысты туындаған.

«Түнгі соттарды» құру тәжірибесі Сингапур, АҚШ және өзге де елдердің сот жүйесінде бар. «Түнгі сот» әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған сәттен бастап, тез арада бұл істі сотта қарауға мүмкіндік береді.