«Түнгі сот» пилоттық жобасы аясында аталмыш сотта маусым айының басынан бері көлік құралының зақымдануына әкеп соққан жол жүру ережесінің бұзылуына байланысты 382 материал қаралған. Сондай-ақ, жәбірленушілер тарапынан түнгі соттарға қатысқандардың саны 413 адамды құраған.
«Бүгінгі таңда «Түнгі сот» жобасы аясында орташа есеппен күніне 27 материал қаралып жатыр», - делінген Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының хабарламасында.
Жобаны бүгінгі таңда азаматтар, сақтандыру компаниялары мен әкімшілік полиция өкілдері қолдап отыр. Олардың айтуынша, «Түнгі сот» жол-көлік оқиғасына қатысушы тараптар үшін өте ыңғайлы. Себебі, бұл бір жағынан уақытты үнемдеуге, екіншіден тараптардың жауапкершілігі мәселесін тезірек шешуге мүмкіндік береді.