Астананың туристік символы 142 жобаның арасынан таңдалады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының туристік символы жобасының үздік нобай-идеясына жарияланған ашық Республикалық байқауға қатысуға өтініштерді қабылдау аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда әкімдігіне сілтеме жасап.

Аталған байқаудың мақсаты - Астананың туристік символына айналатын дизайнерлік жобаны анықтау.

«Символ, белгі (бренд) қаланың статусын, оның туристік тартымдылығын, көрікті орындарын, ландшафтының ерекшелігін және тарихын жеткізуге тиіс. Аталған байқауға қатысу үшін 142 өтініш тіркелді», - деп мәлім етті баспасөз қызметінен.

Материалдары бар конверттерді ашқан соң байқаудың қазылар алқасы жобаның 10 үздік нобай-идеясын іріктейтін болады. Жеңімпаздар онлайн-дауыс берудің нәтижесінде анықталады.

Байқау қорытындысы ақпанның алғашқы онкүндігінде шығарылады.