Астананың велосипедшілері 3 түрлі санатқа бөлінбек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада алдағы бес жылда велосипедшілерге арналған үш түрлі маршрут пайда болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат әкімдіктің Медиа орталығына сілтеме жасап.

«Астана бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалау институтынан мәлім еткендей, көшедегі жол қозғалысының жүктемесін азайту мақсатында велосипед инфрақұрылымын дамыту жоспары жүзеге асырылуда.

«Аталған жобаға сәйкес Астанада күнделікті-іскерлік (утилитарлы), рекреационды және туристік веломаршруттар пайда болады. Алғашқысы күнделікті бір нүктеден келесі бір жерге дейін (мысалы жұмысқа) жету мақсатында енгізіледі. Екіншісі қаладағы саябақтар мен басқа да ландшафты-рекреациялық аймақтарда велосипед бағыттарын дамытуды көздейді. Ал үшіншісі қаланың туристік әлеуетін дамытуға бағытталған», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ Астананың әкімшілік аудандарының әрқайсысында уақытша велосипед маршруттарын дамыту жоспарланып отыр. Бұл бағыттар қолданыстағы велосипед инфрақұрылымының сұранысын қанағаттандырып, демалыс және мереке кезіндегі жолдағы жүктемені азайтуға септігін тигізбек.

«Тұжырымдамаға сәйкес, Астана қаласындағы велосипед маршруттарының жалпы ұзындығы 1717 шақырымды құрайды. Оның 1362 шақырымы - утилитарлы, 233 шақырымы - рекреациялық, 32,6 шақырымы - туристік және 19,4 шақырым уақытша бағдарлар болады», - делінген институт таратқан хабарламада.

Алдағы уақытта Астанада пайда болатын веломаршруттар қызғылт сары түсте болады.