Астананың жаңа бас жоспары: Қалада тағы үш көпір салынады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елорданың 2035 жылға дейінгі бас жоспары жобасы аясында қалада тағы 3 көпір салынбақ. Бұл туралы «Астана бас жоспары» мекемесінің директоры Руслан Жақыпов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін қалалық мәслихаттық қоғамдық кеңес мүшелері отырысында Астананың 2035 жылға дейінгі даму бас жоспары қаралды.

Талқылау барысында көтерілген мәселенің бірі - қаладағы жол қозғалысы, яғни көлік кептілісі мәселесін шешу.

«Қаланың бас жоспарында 3 көпірдің жобасы бар. Бүгінде олардың жобалық құжаттары әзірленіп жатыр», - деп қысқа жауап қайырды «Астана бас жоспары» мекемесінің директоры Руслан Жақыпов.

Оның айтуынша, жаңадан салынатын көпірлер қаладағы жол қозғалысын реттеуге септігін тигізеді.

Еске салсақ, елордада Тәуелсіздік даңғылы бойында салынып жатқан көпірді жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отырғанын хабарлаған едік.

Астана қаласы әкімдігі аппаратының жетекшісі міндетін атқарушы Нұрлан Әлімжановтың айтуынша, көпірдің іске қосылуы жол қозғалысын едәуір жеңілдетуге мүмкіндік береді.