Бұл туралы бүгін Үкіметте «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының 2017 жылдың I-жартыжылдығында іске асырылуының негізгі қорытындысын талқылау барысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ағымдағы жылдың 31 мамырында Астананың жаңа темір жол вокзалы пайдалануға берілген болатын. Жаңа вокзалдың өткізу қабілеті тәулігіне 35 мың, ал ескі вокзалды қоса алғанда тәулігіне 47 мың жолаушыны құрайды. Бұл халықаралық көрмені өткізу кезеңін қоса алғанда елорданың жолаушылар легіне қызмет көрсетуді толықтай қамтамасыз етеді. Темір жол вокзалы пайдалануға берілгеннен бастап шамамен 305 мың жолаушыға қызмет көрсетті», - деді Жеңіс Қасымбек.
Сонымен қатар ол Астана әуежайының жаңа терминалының құрылысы мен ұшу-қону жолағын жаңғырту жұмыстары аяқталғандығын еске салып өтті.
«Өткізу қабілеті - жылына 8,2 млн немесе сағатына 2525 жолаушы. Жоба құны - 92 млрд теңге. Маусым айынан бері жаңа терминал «LOT Polish Airlines», «WizzAir», «FinnAir», «Air China», «Lufthansa», «Air Arabia» сынды 19 шетелдік авиатасымалдаушының халықаралық рейстеріне қызмет көрсетеді. Бұған қоса, Делиге, Варшаға, Хельсинкиге, Будапешке, Бейжіңге, Ереванға, Киевке, Батумиге, Минералды суларға жаңа рейстер ашылды. Ағымдағы жылы Астана қаласы әуежайындағы жолаушылар легінің артуы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19 пайызды немесе 1,8 млн жолаушыны құрады. Жаңа жолаушылар терминалы пайдалануға берілген сәттен бастап халықаралық рейстердің 227 жолаушысына қызмет көрсетті»,- деді министр.