Астананың жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері Қазақстанда үздік екенін дәлелдеді (ФОТО)

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық жедел жәрдем қызметі Алматыда өткен республикалық жедел жәрдем бригадаларының жарысында жеңіске жетті. Бұл туралы Астана қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен хабарлады.

Турнирге Қазақстанның барлық аймағының жедел жәрдем бригадалары қатысты.   

Жарыс екі кезеңде өтті. Біріншісінде жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері жедел қан тамыр синдромы, жол-көлік апаты кезіндегі сынықтар сияқты диагноздармен науқастарды қорғап, балалар мен ересектердің жүрегі және өкпесіне ренаимация жасады, баланы  анафилактикалық шоктан қорғады.

Екінші кезеңде дәрігерлер үйде әйелді босандыру, шақалаққа реанимация жүргізу, босанғаннан кейін қанды тоқтату бойынша үздігін анықтады.

Мұндай жарыстарды 10 жылдай Литва елі ұйымдастырып келеді. Қазақстандық дәрігерлер оны елімізде өткізуді ұйғарды. Атап өту керек, қазылар алқасының құрамына Литва жедел жәрдем қауымдастығының сарапшылары енді.  

«Елордалық дәрігерлер елдің бас қаласының дәрежесіне лайық екенін көрсетті. Енді республикада үздік екенімізді айта аламыз», - деді Астана қалалық жедел жәрдем қызметінің бас дәрігердің орынбасары Раушан Молдабекова.

Бүгінде  Астана қалалық жедел жәрдем стансасында 85 бригада жұмыс істейді. Оған күн сайын 2 000 шақырту түседі.