Астананың жер телімдеріне толықтай түгендеу жүргізіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорданың жер телімдеріне толықтай түгендеу жүргізіледі.

Бұл туралы бүгін Астана әкімі Ә.Жақсыбековтің төрағалығымен өткен елорда экономикасын жақсарту мәселелеріне арналған жиында қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Әбілқайыр Сқақов мәлім етті.

«Түрлі деңгейлерде жердің тиімсіз пайдалануына қатысты мәселе жиі көтеріледі. Жердің пайдаланылуын бақылау тиімділігі өкілетті органдардың «лас мәліметтері» проблемасымен күрделенген. Бұл өте көкейтесті мәселе және ол барлық мемлекеттік органдар мен халыққа қатысты», - деді департамент басшысы.

Мәселен, оның атап өтуінше, елорданың сол жағалауындағы болашағы зор ауданнан «Асыл Аймақ» ЖШС-іне 222 гектар жер ауыл шаруашылығы мақсатына берілген. Бұл да жер қатынастары саласындағы проблемаларды білдіреді.

«Сондықтан да бүгінде елорданың жер телімдеріне толықтай түгендеу жүргізу қажеттігі туындап отыр», - деді ол.