Астананың жол полицейлері кәсіби мерекелерін атап өтті

АСТАНА. 23 қараша. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін, 23 қараша - Қазақстан Жол полициясының құрылған күні.

1992 жылы дәл осы күні Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің қаулысымен Мемлекеттік автоинспекция (МАИ) туралы алғашқы ереже бекітілді.

1996 жылдың 3 қаңтарында Мемлекеттік автоинспекцияның атауы Жол полициясы болып ауыстырылып, олардың қызметтеріндегі басымдықтар өзгертілді.

Астана қалалық Жол полициясы ұсынған мәліметтерге сүйенсек, 1992 жылы Целиноград облыстық атқару комитеті МАИ бөлімінде барлығы 16 қызметкер жұмыс істеді. Сол кезде жол тәртібі сақшыларының қолданысында бір «Орал» мотоциклі мен «Жигули» автомашинасы ғана болды. Бүгінде, 18 жыл өткеннен кейін Астананың жол полициясының жеке құрамында 600 қызметкер мен заманауи автомотокөліктердің 125 бірлігі бар.

Озық техникалармен жабдықтау, жол қауіпсіздігі бойынша соңғы технологияларды енгізу, ұдайы өткізіліп отыратын кешенді алдын алу шаралары жол үстіндегі апаттарды екі есеге дейін азайтуға мүмкіндік берді. Мәселен, 2006 жылы елордада 651 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, 2009 жылы ол көрсеткіш 372-ге азайды. Айта кетейік, Астана халқы (2006 жылы - 574 мың, 2009 жылы - 677 мың) мен автокөліктер (2006 жылы - 127 мың, 2009 жылы- 206 мың) санының қарқынды арту үдерісімен жол апаттарының болу қаупі де арта түсуде.

ЖПБ қызметкерлері бүгінгі кәсіби мерекелерін ардагерлер мен қызметтік борыштарын атқару барысында қаза тапқан полицейлердің жұбайларына құрмет көрсетіп, бағалы сыйлықтарды тапсырудан бастады. Өз кезегінде бірқатар қызметкерлерге кезекті шендер табыс етіліп, белсенді жұмыстарымен ерекше көзге түскендер марапаттауларға ие болды.

Мерекелік жиын барысында Жол полициясы басқармасының бастығы полковник Бақытгелді Айқымбеков барша жол полицейлерін бүгінгі мерекелерімен құттықтап, олардың отбастарына амандық, дендеріне саулық, жұмыстарына табыс тіледі.