Астананың жолдары неге тоза береді?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазіргі кезде елордада жол жөндеу жұмыстары бірнеше бағытта жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, проблемалық учаскелерде жүктемені азайту, шағын айналма жол салу, жаңа жолдар салып, ескілерін қалпына келтіру, тұрғын алабтарында жол инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ көшелерді орташа жөндеу, деп жазады astana.gov.kz.

Жолдар неге тозады? Оның негізгі үш себебі бар: жолдармен жүк көліктерінің жүруі, жер асты суларының жақын орналасуы және бұдырлы шиналар. Соңғысы көп жылдан бері қызу талқыға түсіп жүр. Кейбір мемлекеттерде бұдырлы шиналарды пайдалануға тыйым салынса, басқалары жай ғана шектеу қойып, жол жабынының бүлінуін азайту мақсатында жеңіл бұдырларды қолдануға рұқсат еткен.

Бұдырлы шиналар елордалық жолдардың тозуына әсер ететін себептердің ішінде үшінші орында. Көп жағдайда жол жабынын ауыр жүк тасымалдайтын көліктер бүлдіреді.

Астана жас қала, Бас жоспарға сәйкес оның шекарасы әлі толық қалыптасқан жоқ. Бүгінгі таңда елордада 1300 нысан салынып жатыр. Тәулік бойы ауыр жүк тасымалдайтын көліктер (бетон араластырғыш машина, көтерме крандар, камаздар) келіп-кетіп жатады. Олар жылына 2 миллионға жуық рейс жасайды екен.

Көлік құралы неғұрлым ауыр болса, жол жабыны соғұрлым тез тозады. Оның үстіне Астана маңынан ағынды жер асты сулары өтеді. Елордада жол құрылысы барысында жергілікті жердің барлық геологиялық ерекшеліктері ескерілсе де, пайдалану кезінде жер асты суларының жол жабынының сапасына әсері сақталады.