Астананың зиялы қауымы күй анасы Динаға ескерткіш орнатылуын қалайды
атақты күйші Дина Нұрпейісованың 150 жылдығына арналған мәдени шарада айтылған негізгі ұсыныс болды.
Астана қаласындағы Президенттік мәдениет орталығына жиналған өнерсүйер қауымға әуелі Дина туралы деректі фильм көрсетілді. Онда күйшінің туған жері Батыс Қазақстан облысының, Нарын құмы аймағы, Динаның өмірі мен шығармашылық жолы баяндалды. Алғашы болып сөз алған ҚР Мәдениет министрінің орынбасары Ғазиз Телебаев үстіміздегі жылы Дина Нұрпейісованың 150 жылдығы аясында еліміздің әр өңірінде көптеген іс-шаралар атқарылғанын айтып өтті. Бүгінгі ұрпақ тарапынан күй анасына қандай құрмет көрсетілсе де, артық емес екенін мәлімдеді.
Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Фариза Оңғарсынова тебірене сөз сөйлеп, өнегелі өмір жолында 13 бала тауып, абзал ана да болған, күй шығарып дана да болған Дина апамыздай дарын иесі ешбір халықта жоқ екенін тілге тиек етті. Астанада Күйші Дина көшесі бар. Алайда, еңселі бір ескерткіші жетпей тұрғаны байқалады. Фариза ақын бала кезінен ұлы күйшіге сәулетті ескерткіш орнатылғанын армандайтынын жеткізе келіп, «Мінәжат» өлеңін оқып берді. Еліміздің қақ төрінен өскелең ұрпағың келешекте алтынмен аптаған ескерткішіңді орнатып, гүл қойып, мінәжат ететінін өлеңімен өрнектеді. Дина күйлері тәуелсіздік туы астында халқымыздың азаттығын паш ететіні туралы жүрегінен жыр толғады.
Батыс Қазақстан облысынан келген айтыскер ақын Бауыржан Халиолла көрермендерді күй анасы туралы төкпе жырымен сусындатты. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Айгүл Үлкенбаева күйшінің «Бұлбұл», «Домалатпай» күйлерін күмбірлете тартып, астаналық тыңдармандардың ыстық ықыласына бөленді. Айгүлдің шәкірті, ұлты орыс Андрей Сендриков сахнаға шығып, Динаның «Науысқысын» шебер орындап бергенде, таңқалмаған жан болмады. Оған көрермендер үлкен қошемет көрсетті.
ҚР Мәдениет министрлігінің ұйымдастыруымен өткен осы мәдени шарада «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрі Дина Нұрпейісованың «Тойбастар», «Әсемқоңыр» күйлерін орындады. «Серпер» домбырашылар ансамблі Дина күйлерінің топтамасын көрермен назарына ұсынды.
Және басқа да танымал домбырашылар Динаның бірнеше күйлерін орындады.