Астаның іргесіндегі ауылда отбасылық денсаулық орталығы ашылды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Целиноград ауданында отбасылық денсаулық орталығы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аудан әкімдігінің мәліметі бойынша, Қоянды ауылында ашылған орталық орналасқан 2 қабатты ғимаратты «Эндохирургия клиникасы» серіктестігі өз қаражатына жөндеген.

«Орталықта 25 дәрігер маман жұмыс істейді. Ересектер мен балалар амбулаториялық-емханалық көмек, алғашқы медициналық көмек, терапевт, эндокринолог, невропатолог, офтальмолог, отоларинголог, акушерлік және гинекология, кардиология, нефрология, педиатр көмегіне жүгіне алады.

Республикалық субсидия ретінде бөлінген қаржы есебінен медициналық қызметтер тегін көрсетіледі.

Сонымен қатар, жоғары санатты хирург, уролог, ортопед-травмотолог кеңес береді. Қазіргі заманға сай медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған орталықта тіркеу, фильтр, педиатр, қан тапсыру, 5 орынға арналған күндізгі стационар, химизатор, ультрадыбыстық зерттеу кабинеті, акушерлік және гинекология кабинеттері бар», дейді аудан әкімдігіндегілер.

Орталықтың ашылуы рәсіміне Целиноград ауданының әкімі Мәлгаждар Тәткеев қатысып, дәрігерлер мен ауыл тұрғындарын құттықтады.