Астраханда көпқабатты үйдің бір бөлігі опырылып құлады
Ресейдің Астрахан қаласында көпқабатты үйдің бір бөлігі опырылып құлады. Бұл туралы Астрахан облысының губернаторы Игорь Бабушкин Telegram-дағы жеке каналында жазды. Кazinform бұл туралы ТАСС-қа сілтеме жасап хабарлайды.
«Астраханда Вокзал маңы алаңындағы үйдің бір бөлігі құлады. Шұғыл қызметтер оқиға орнында. Менің тапсырмаммен жедел штаб құрылды», - деп жазды ол.
ТАСС-қа шұғыл қызметтерден мәлім еткендей, бес қабатты үйдің екі кіреберіс бөлігі опырылған.
И.Бабушкиннің айтуынша, тұрғындар үшін Астрахандағы мектепте уақытша орналасу пункті ұйымдастырылды. Қаланың екі ауруханасы зардап шеккендерді қабылдауға дайын отыр. Оқиға орнында медицина мамандары жұмыс істеуде.
«213 адам эвакуацияланды, оның ішінде 37 бала бар. Зардап шеккендер бойынша мәлімет нақтыланып жатыр», - делінген Ресей Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз баянында.
Сондай-ақ ведомство дерегіне сүйенсек, оқиға болардың алдында үйдің қабырғаларында жарықтар байқалғаны туралы ақпарат түскен.
Үйдің құлауына газ жарылысы себеп болды деген нұсқа жоққа шығарылды.
Үйінділердің астын тексеріп жатқан құтқарушылар бір минут тыныштық жариялады. Бұл қиранды астында қалуы мүмкін адамдардың дауысын есту үшін жасалды.