ASTEX 2013 халықаралық көрме-конференциясында отандық және шетелдік компаниялар өздерінің ноу-хауларын көпшілікке ұсынды

АСТАНА. 21 мамыр. ҚазАқпарат - ҚР бірінші вице-премьері, Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев және ҚР Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев ASTEX 2013 халықаралық көрме-конференциясының жұмысымен танысты, деп хабарлады ҚР ККМ баспасөз қызметінен.

Халықаралық көрме аясында отандық және шетелдік компаниялармен қатар отандық ғалымдар мен Халықаралық IT университетінің студенттері де өздерінің ноу-хауларын көпшілікке ұсынды. Атап айтсақ, көрме қонақтарының назарына бірден бірнеше отандық робот ұсынылды.

Бұдан басқа, ұлттық стартап жобалары байқауының жеңімпаздары да өз жобаларын таныстырды. Олардың қатарында Web RTC технологиясы негізінде жұмыс істейтін IP телефония сервисі мен Shoppy.kz порталын айтуға болады.

ASTEX 2013 халықаралық көрме аясында ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың және Көлік және коммуникация вице-министрі Сәкен Сәрсеновтің, сондай-ақ әлемдік АКТ нарығының көшбасшы компаниялары өкілдерінің қатысуымен конференция болып өтті. Онда түрлі бағыттағы мысалы, электрондық үкімет, денсаулық сақтау, білім беру, бизнес салаларындағы инновациялық жаңашылдықтар талқыға түсті.

Конференцияға қатысушылар қатарында бизнес-тренерлер мен ғалымдар, шетелдік компания басшылары да болды. Атап айтсақ, олар - Брайан Камерон - АҚШ үкіметінің кеңесшісі, Филипп де Марсельяк - IDC вице-президенті, доктор Анг Мон Суг - Оңтүстік Корея Президенті жанындағы электрондық үкімет бойынша арнайы комитеттің төрағасы.