Астық экспорты: ғаламдық ахуал Қазақстанға қалай әсер етеді?
АСТАНА. KAZINFORM – Кейінгі жылдары әлемдік астық экспорты өзгеріске ұшырағанын байқадық. Мәселе санға да, сапаға да қатысты. Геосаяси жағдайлардың әсерінен тасымал көлемі өзгерсе, астық экспорттаушы елдер арасындағы бәсеке жаңа деңгейге көтерілді. Астық дауы «сауда соғысының» бір қанатына айналғандай. Осы орайда Kazinform тілшісі ғаламдық экономикалық ахуал астық экспортына және Қазақстанға қалай әсер ететінін талдауға тырысты.
Жер-жердегі жанжал мен экологиялық жағдай әлі оңала алмай тұр. Бұл астық экспортының көлеміне тікелей әсер етуде. Мысалы, Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (FAO) 2024-2025 жылғы маусымда астық саудасының көлемін 484,2 млн тонна деп бағалаған. Бұл өткен жылғы межеден 5,6 пайыз төмен. Сыңаржақ мүдденің кесірінен еларалық тауар айналымы мен келісімдер құбылғанын да көріп отырмыз. Қазіргі Қара теңіздегі қақтығыс, АҚШ-тың сауда саясаты, Таяу Шығыстағы берекесіздік, қыл аяғы құрғақшылыққа дейін мәселені қиындатпақ.
Әлемдік астық өндірісіндегі жетекші елдер қатарына Қытай, АҚШ, Ресей, Үндістан, Бразилия елдері кіреді. Бұл мемлекеттер ғаламдық өнімнің жарымына жуығын қамтып отыр. Геосаяси жағдай салдарынан алғашқы үш елде экспорт-импорт статистика құбылғанымен, Бразилия мен Үндістанда астық ахуалы тұрақты.
Ал нақты бидай өндірісіне келсек, рейтинг төмендегідей қалыптасқан.
Халықаралық астық кеңесінің (IGC) дерегіне сәйкес, өткен маусымда астық экспорты бойынша әлемдік көшбасшылар қатарына АҚШ, Ресей және Украина кірді. Аталған мемлекеттер айналасында дау-дамайдың ұлғаюы бүтін нарыққа әсер етуінің себебі осыдан шықса керек. Қазіргі бағыт қандай, мәміле қай деңгейде? Осы сауалға жауап іздеп көрейік.
Ресей астығын кім алады?
Алдымен Ресейдегі көрсеткішке көз жүгірткен жөн, себебі көршіміз – астық көлемі мен экспорты бойынша жетекші елдің бірі. 2022 жылы басталған Украинадағы әскери қимылдан кейін жолы қысылғанымен, саладағы салмағы еш кеміген жоқ. Керісінше, жаңа нарық табуға ұмтылып, шаруаларға субсидияны көбейткен. 2023 жылы Ресейдегі астық экспорты 68,6 млн тоннаны құраған болатын. Ал өткен жылы 71 млн тонна астық экспорттапты, 80 пайыздан астамы бидайдың үлесінде.
Бұл өсімнің саяси астары бар. Ресей-Украина қақтығысынан кейін, яғни 2023 жылы ҚХР мен РФ арасында 12 жылға шақталған астық келісімі жасалды. Ол бойынша Ресей тарапы Орал, Сібір және Қиыр Шығыс аумақтарында өндірілген 70 млн тонна астықты Қытайға жеткізуге міндетті. Нәтижесінде, биыл Ресей алғаш рет Қытайдың астық нарығында АҚШ-ты ығыстырды. Жыл басынан бері бәсекелесі жеткізген өніммен салыстырғанда еселеп артық өткізген.
Дегенмен, қазір «Аспан асты елі» Ресей астығының басты тұтынушысы емес. Алғашқы бестікте шалғай мемлекеттер орналасқан. Оның ішінде Мысыр, Түркия, Иран, Бангладеш, Сауд Арабиясы бар. 2024 жылдың екінші жартысында Египет 5,45 млн тонна астық алып, жылдық көрсеткішті 1,8 есеге көбейтті. Биыл Марокко, Нигерия, Ливан және Камерунға бидай экспорты екі есе ұлғаяды. Латын Америкасы да ресейлік астықты белсенді сатып алуда.
Астық алпауыты атанғанымен Қазақстанның өзі Ресей астығын қабылдайтыны бар. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өткен жылы елге 1964,3 мың тонна астық әкелінген. Соның 1933,2 мың тоннасы (98,4 пайызы) Ресей Федерациясынан импортталған.
Қазақстан фермерлері қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары Әкпар Мәуленов Ресейдің астық экспортының ұлғаюын бірнеше себеппен түсіндірді. Айтуынша, фермерлерге жеңілдік пен жүйелі тасымал оң нәтиже берген екен.
– Біріншіден, Ресейде өндірілетін астық көлемі едәуір көп. Екіншіден, астықтың өзіндік құны төмен. Нақтырақ айтсақ, астық өндіруге қолданылатын тыңайтқыш, тұқым, жанар-жағармай, гермицид, техника, қосалқы бөлшектердің бәрі өздерінен шығарылады.
Оған қоса федеративті бюджеттен де, облыстық бюджеттен де бөлінетін субсидия көлемі жоғары. Фермерлерге берілетін қаржылай қолдау қомақты. Сондықтан Ресей астығының бағасы төмен, сұраныс жоғары, – деді сарапшы.
Экспортты дамытудың федералдық орталығының болжамынша, 2030 жылға қарай Ресейдің астық экспорты 75 млн тоннаға жетуі ықтимал. Оның 80 пайызы – бидай, 10 пайызы – жүгері, 9 пайызы – арпа болмақ.
Мұнша өнімді қайда сатады? Халықаралық ұйымдар тарапынан қысымы күшейгелі Ресейдің Еуропаға жолы жабық. Ендігі бағыты – Орталық Азия, Таяу Шығыс елдерi. Сарапшылар көршіміз біз өнім өткізетін нарыққа (Орталық Азия елдері) күш салса, басты бәсекелесімізге айналуы мүмкін екенін жасырмайды.
Украина: теңіз жолындағы тасымал
Астық әлемінде көшбасшыға айналған Украинаның қазіргі ахуалы сәл күрделі. Өндіріс көлемі азайып, табыс кеміді. Қақтығыстың әр жылы шығынға айналуда. Мысалы, соғыс алдында – 2021 жылы Украинаның астық экспорты жылына 50 млн тоннаға жуық еді. 2022 жылдан 35 млн тоннаға төмендеді, 2023-2024 жылғы маусымда экспорт көлемі 27 пайыз азайғаны айтылды.
Алайда Украина үшін басты қатер майдан емес, тасымал жолы болып отыр. Қара теңіздегі Ресей бақылауынан айналып өту үшін құрлық инфрақұрылымын дамытқанымен, астық экспорты әлі де теңіз жолына тәуелді. Украина теңіз порттарының әкімшілігінің мәліметіне сенсек, қазір елде маңызды үш порт бар, тасымалдың көп бөлігі сол арнамен өтіп жатыр. Астықтан өзге өнімдер де аралас тасымалданып келеді.
· «Оңтүстік» портынан («Південний») жылына – 27,6 млн тонна;
· «Қара теңіз» сауда портынан – 21,6 млн тонна;
· «Одесса» портынан – 15,2 млн тонна өнім жөнелтілген.
Бұған дейін Украина Румыниямен арадағы Дунай портын да қарқынды пайдаланғаны белгілі. Кейінгі уақытта тізгінді тежегенге ұқсайды. Өткен жылы мұндағы тасымал 50 пайызға жуық қысқарған. Бұл – бір жылдағы өзгеріс:
· «Измаил» портында –33,9 пайыз;
· «Рени» портында –66 пайыз;
· «Усть-Дунайск» портында – 69,6 пайыз жүк азайды.
«Украина аграрлық конфедерациясының» президенті Леонид Козаченконың сөзінше, кейінгі 2 жылда елдегі астық сатумен айналысатын шағын және орта кәсіпкерлік саны 1,5 мыңға жеткен. Басым дені ЕуроОдақ елдеріне бидай, арпа, жүгері экспорттайды. Бұл үрдістен украин халқы пайда көрсе, ЕуроОдақ үрке қарап отырғаны жасырын емес. Сол себепті порттардың жүктемесінің азаюына Еуропа елдерінің ықпалы болуы мүмкін. Себебі Украинаға жақтасып өнім кіргізгенімен, өзіндегі субсидияның күшімен әрең отырған жергілікті шаруаларға салмақ түсуде. Сондықтан Украина астығының Еуропаға енуі айтарлықтай қиындай түсті. Алдағы болжам да бұлыңғыр.
АҚШ-ты не күтіп тұр?
Трамп әкімшілігінің экономикалық шешімі әлемдік астық экспортының бедерін өзгертпек. 2 сәуірде Дональд Трамп АҚШ-қа әкелінетін импорттық тауарларға арналған кедендік баж салығын көтерді. Өзгеріс астық эскпортына қаншалықты әсер ететіні белгісіз. Қазір Қытай бастаған қарымта жауап қана алдағы жаңалықтан хабар беріп тұр. Жаңа кедендік баж салығына сәйкес, бұдан әрі Қытай тауарына салынатын салық мөлшері 34 пайызды құрайды. Канада мен Мексика үшін де 25 пайыз деңгейінде тариф енгізілді.
Мұның бәрі астық тасымалына салқынын тигізеді деген пікір басым. Олай дейтініміз, аталған елдер – АҚШ үшін маңызды нарық. Өткен жылы АҚШ шығарған ауыл шаруашылығы өнімінің 24 пайызын Қытай меншіктеді. Мексикаға бағыт алған жүк – 29 пайыз, Колумбияға – 20 пайыз, Жапонияға – 43 пайыз, Оңтүстік Кореяға – 107 пайыз артты. Егер сауда соғысы ушықса, статистика құлдырайтыны анық.
Алғашқы белгі қазірден сезілуде. Әсіресе, Қытай балама жол іздеп БРИКС-тегі одақтастарына қарайлай бастады. Оған қоса жауап ретінде АҚШ-тан келетін ауыл шаруашылығы өнімдеріне 10-15 пайыз салық енгізбек. ҚХР-ға келетін АҚШ экспортының 15 пайызы ауыл шаруашылығы өнімі екенін ескерсек, бұл жаңалық қос мемлекетке ауыр соққы болатыны сөзсіз. AgResource Inc. компаниясының президенті әрі World Grain басылымының редакторы Дэн Бассс алдағы АҚШ экспортының көрсеткіші 16 млрд долларға дейін түседі деген болжам айтты.
«Қытай – әлемдік астық нарығында ірі сатып алушы ел. Оның орнын өзге нарықпен алмастыру АҚШ-қа қиынға соғады. Қытай алшақтаған сайын Құрама Штаттар табыстан қағыла түспек. Мұны екі жылда америкалық фермерлер табысының 37 пайызға төмендеуінен-ақ көруге болады», – деді ол.
Сарапшының сөзінше, әлемдік астық нарығын БРИКС өзгертеді деген жорамал бар. Ұйым құрамындағы елдер ғаламдық астықтың 44 пайызын өндіріп отыр. Бидай мен күріш экспортының үштен бірін, жүгері экспортының төрттен біріне ие. Демек, АҚШ-тың астық экспортындағы үстемдігі жойылуына куә болуымыз ғажап емес.
Қазақстан: форвардтық келісім мен тасымал шығыны
Ғаламдық ахуалға қарамастан Қазақстанның астық экспортындағы позициясы ілгерілеп келеді. Қазақстан - алғашқы ондықта. Көлемге келсек, өткен жылды рекордтық деңгейде аяқтадық. Желтоқсан айының өзінде миллион тоннаға жуық астық шетел асты, жыл бойы 7,9 млн тонна өнім экспортталды.
Ал биылғы көрсеткішті жаңа егіннің астық саудасынан алып отырмыз. 2024 жылдың қыркүйек айы мен 2025 жылдың наурыз айы аралығында экспортқа 6,4 млн тонна астық жөнелтілген. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, өзгеріс тасымал көлемін ұлғайтуға сеп болған:
· Өзбекстанға – 31,7 пайыз;
· Тәжікстанға – 50 пайыз;
· Қырғызстанға 88 пайыз артық жеткізілген.
Айта кету керек, Иран мен Әзербайжандағы қазақстандық астық ұлғайды. Осылайша, Иранға экспорт 17,6 есе (43 мың тоннадан 761 мың тоннаға дейін), Әзербайжанға экспорт 84 есе (5 мың тоннадан 423 мың тоннаға дейін) көбейген болатын.
Әрине, қуанарлық статистика. Алайда бұл ел үшін жетістіктен гөрі, амалсыз әрекет немесе балама жол болды деген дұрыс шығар. Кейінгі жылдары геосаяси жағдай қазақ астығының тасымал жолына да, баға саясатына да кері әсерін тигізді. Қазақстан фермерлері қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары Әкпар Мәуленовтің сөзінше, отандық астық экспорты Еуропа нарығынан қағылып отыр.
– Бұрын біздің астық Еуропа елдеріне үлкен көлемде тасымалданатын. Шиеленісті жағдай көбейген шақта ол нарыққа астық өткізу қиынға соғуда. Өйткені, Ресей арқылы өткізсек, ондағы транзит тарифі өте жоғары, Еуропаға барған кезде біздің астықтың бағасы бәсекеге төтеп бере алмайды, – деді спикер.
Ауыл шаруашылығы министрлігі де мәселенің барын жасырған емес. Экспортталатын астықтың бағасы ішкі және әлемдік нарықтағы жағдайды ескере қалыптасатынын айтқан. Қолдан келетін бар көмек – тасымалдау шығынын субсидиялау. Қазір астық экспортын дамыту үшін көлік тасымалына арнайы жеңілдік енгізілуде. Мөлшері елдің алыс-жақындығына байланысты. Астық шалғай мемлекеттерге тасымалданса, тоннасына 30 мың теңге, жақын елдерге жөнелтілсе, 20 мың теңге беріледі.
– Есептеу әлемдік тауар биржалар, қолма-қол астық нарығы мен импорттаушы елдердің бидай сатып алуға арналған тендер дерегін талдау негізінде жүргізіледі. Сондай-ақ, бағаны анықтау кезінде астықты межелі станцияға немесе портқа жеткізуі, нақты экспорттық бағыттар бойынша теңіз тасымалының құны, көлік шығыны ескеріледі. Бұл қазақстандық астықтың бәсекеге қабілеттігін анықтауға мүмкіндік береді, – делінген министрліктің редакцияға берген жауап хатында.
Ал Мәжіліс депутаты Анас Баққожаевтың пікірінше, шаруалар мен мемлекет арасындағы мәмілені дұрыстау керек. Әсіресе «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ-ның талабын қайта қарау маңызды.
– Жыл сайын «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» көктемгі дала жұмысы кезеңінің алдында шаруалармен келісімшарт жасайды. Бұл жақсы тетік екені даусыз. Шаруалар несие алмай, болашақ алатын астығын өткізіп, соның арқасында аванс алу қарастырылған.
Алайда қазіргі шартты реформалау керек секілді. Біріншіден, шаруаларға келісімшарт ұсынылатын кезде баға өте төмен көрсетіледі. Екіншіден, аталған шарт бойынша шаруа қамбаға астық жинаған кезде астықтың қызығын көре алмайды. Өйткені күзде жаппай астық жинау барысында баға төмен болады, ал қыста баға өседі. Форвардтық сатып алу келісімшартын жасаған шаруа қыстағы көтерілген бағаны көріп, компанияға өткізгеніне өкініп жатады, – дейді Анас Баққожаев.
Депутаттың айтуынша, осы мазмұндас мәселе АҚШ-та 90-жылдардың басында орын алған. Олар оны шешудің жолын тауыпты. АҚШ-та форвардтық келісімшарт жасалады, аванс беріледі. Ал күзде астық жиналған сәтте өнімді сату құқы шаруаларға жүктеледі. Анас Баққожаев Үкіметке сол модельді қарастыруды ұсынып келеді.
Жалпы тасымал кедергісіне қарамастан қазақстандық астыққа сұраныс жоғары. Мәселен, Италия макарон өнімдерін әзірлеуге Қазақстанның қатты бидайын алады. Оған қоса көп мемлекет біздің астықты өзінікіне қосып, сапасын жақсартуға пайдаланады. Осы есеппен алсақ, мемлекет тарапынан астықтың өзіндік құнын төмендету, субсидияны ұлғайту, «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның тасымал тарифін көтеруіне жол бермеу экспорт әлеуетін көтермек.