Астрахан облысында Қазақстан-Ресей оқу-жаттығулары өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 5-8 қыркүйек аралығында РФ, Астрахан облысында Астрахан - Красный Яр - Қазақстан Республикасының шекарасы күре жолында төтенше жағдай кезінде автокөліктердің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету бойынша бірлескен оқу-жаттығулар өтеді.

Бұл жайлы Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігі мәлімдеді.

Шараны өткізудегі мақсат - төтенше жағдайлар кезіндегі арнаулы қызметтердің шұғыл әрекеттерін тексеруден өткізу. Оған екі елдің атқарушы билік органдары, ТЖМ және ІІМ-нің өңірлік құрылымдары, шекарашылар, әскерилер, медицина қызметкерлері - жалпы 50 адам қатысты.

«Росавтодор» мұндай оқу-жаттығуларды соңғы бес жылда тұрақты түрде өткізіп келеді. «Каспий» федеральдық автомобиль жолдары басқармасының бастығы Сергей Щербактің айтуынша, мұндай шаралар төтенше жағдайлар кезінде барлық арнаулы қызметтердің үйлесе қимыл жасау тәжірибесін арттырады.