Астық экспортының шығындарын субсидиялауға қосымша 15 млрд. теңге бөлінеді

АСТАНА. 10 шілде. ҚазАқпарат -Астық экспортының шығындарын субсидиялауға қосымша 15 млрд. теңге бөлінеді.

Бұл туралы бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен брифинг барысында «Агроөнеркәсіп кешеніндегі экономикалық саясатты талдау орталығы» ЖШС директоры Сағынтай Жұмажанов мәлім етті.

Тоқтала кететін жайт, 2011-2012 маркетингтік жылдың көрсеткіштеріне сәйкес астық экспортының рекорды болды. Мамандардың пікірінше, экспорттық астық көрсеткішінің артуына оның экспорттық тасымалдарындағы көлік шығындарын субсидиялау өз септігін тигізген. Мәселен, 2011-2012 жылдары астық экспортын қолдау үшін 15 млрд. теңге қаражат бөлініп, көлік шығындарының субсидиясы тоннасына 6 мың теңгені (40 доллар) құрады.

«Жалпы алғанда субсидиялау арқылы экспортқа жөнелтілген астық 2,5 млн. тоннадан астам болды. Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешімімен астық экспортына қатысты көлік шығындарын субсидиялауға қосымша 15 млрд. теңге қарастырылатын болады», - дейді Сағынтай Жұмажанов.

Оның айтуынша, аталған қаражат астық экспортына қатысты көлік шығындарының субсидиясын тоннасына 4 мың теңгені немесе 25 долларды құрайтын болады. Бұл қаражатқа 3,75 млн. тонна астықты экспорттау көзделеді.