Астық қабылдайтын 6 кәсіпорында 85 мың тонна астық жетіспеушілігі анықталды - АШМ

АСТАНА. 9 сәуір. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың үш айында астық қабылдау кәсіпорындарында жүргізілген тексеріс барысында 6 кәсіпорыннан 85 мың тонна астық жетіспеушілігі анықталды. Бұл туралы бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен брифинг барысында Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының орынбасары Алмабек Марс мәлім етті.

Комитет төрағасының айтуынша, астық қабылдау кәсіпорындарына тексеру жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Дегенмен, 6 кәсіпорын бойынша анықталған астық жетіспеушіліктен келетін шығын 3,4 млрд. теңгені құрайды. «Бұның ішінде 64 мың тоннасы «Азық-түлік келісімшарт» корпорациясына қарасты мемлекеттік астық ресурстарына тиесілі астық болса, қалған 21 мың тоннаға жуығы шаруа қожалықтарына тиесілі», - дейді А. Марс.

Оның сөзіне қарағанда, астық жетіспеушілігі анықталған екі кәсіпорын Шығыс Қазақстан облысында орналасқан. Оның бірі «Предгорненский элеватор» ЖШС-нен 47 мың 477 тонна астық жетіспейді және оның барлығы дерлік мемлекеттік астық ресурсына қарасты болып табылады. Аталған кәсіпорынның келтірген шығыны 1 млрд. 899 млн. теңгеге бағаланып отыр. Екінші астық қабылдау кәсіпорны «Бел-ағаш МКК» ЖШС кәсіпорны болып отыр. Ондағы астық жетіспеушілік 15 мың тоннаны құрап, шығыны 617 млн. теңгеге жетеді.

Еске салсақ, 2012 жылы тексеріс барысында астық қабылдау кәсіпорындарынан 57 мың 272 тонна астық жетіспеушілігі анықталған болатын. Ондағы агронөеркәсіп кешеніне келген шығын 2,3 млрд. теңгені құраған еді.