Астық кәсіпорындарында астық есебі құжаты енгізіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Сенатың жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне астық нарығын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда талқыланып, қабылданды. Енді заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.

Заң жобасы бойынша электрондық астық қолхаттары жүйесі мен астық қабылдау немесе мақта өңдеу ұйымын уақытша басқаруды жетілдіру көзделеді. Атап айтқанда, лауазымды адамдар тарапынан шаруашылық жүргізуші субъектілердің қызметіне араласудың заңдылығы мен негізділігін қамтамасыз ету қарастырылады. Осы мақсатта заң жобасында соттың астық қабылдау кәсіпорнына немесе мақта өңдеу ұйымына уақытша басқару енгізу көзделеді.

«Құжаттың басты мақсаты астық қабылдау кәсіпорындарына астық өткізгенін растайтын астық есебі құжатын енгізу болып табылады. Ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартудың қаржылық құралы болып табылатын астық қолхатының айналымын құқықтық реттеу жетілдіріледі», - деді сенатор Жеңіс Нұрғалиев.

Заң аясында астық қолхаттары мемлекеттік электрондық тізілімнің жүйесіне енетін болады. Осы мақсатта астық қолхаттары айналымының ашықтығын және ішкі нарықтағы астық айналымын талдауды қалыптастыруды қамтамасыз ету нормалары енгізіледі.