Бұл туралы ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Мүслім Өмірияев Ақмола облысының астық қабылдау кәсіпорындарына жасаған баспасөз туры кезінде мәлімдеді.
М.Өмірияевтің сөзіне қарағанда, биылғы жылы астық өнімдерінің ылғалдылығы жоғары болады деп күтілуде. Соған байланысты министрлік астық қабылдау кәсіпорындары мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге сәйкес шараларды қолға алып, астық қабылдап, сақтауға арналған қосымша сыйымдылықты арттыруды, астықты бөліп жинауға дайын болуға кеңес береді.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстанда 213 лицензиялы астық қабылдау кәсіпорны жұмыс істейді. Олардың жалпы астық сақтау сыйымдылығы - 13,9 миллион тонна. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінде 10,7 миллион тонна астық сақтайтын орын бар. Республика бойынша астық сақтауға арналған сыйымдылық 24 миллион тоннадан асады.
Бүгінгі таңда 213 астық қабылдайтын кәсіпорынның 187-сі тексеріліп, олардың 139-ы астық қабылдауға дайын деп танылды.
Үкімет отырысында хабарланғандай, биыл елде 16 миллион тонна астық жиналады деп күтілуде. Астық экспортының әлеуеті шамамен 9 млн. тоннаны құрайды.