Заң жобасы бойынша электрондық астық қолхаттары жүйесі мен астық қабылдау немесе мақта өңдеу ұйымын уақытша басқаруды жетілдіруді көзделеді. Атап айтқанда, лауазымды адамдар тарапынан шаруашылық жүргізуші субъектілердің қызметіне араласудың заңдылығы мен негізділігін қамтамасыз ету қарастырылады. Осы мақсатта заң жобасында соттың астық қабылдау кәсіпорнына немесе мақта өңдеу ұйымына уақытша басқару енгізу көзделеді.
«Қазақстан үшін астық өндіру - дәстүрлі және маңызды сала. Мұның дамуы нан өнімінің қолжетімділігі мен жалпы агроөнеркәсіп кешенінің жағдайын айқындайды. Осы бағытта бірқатар шаралар қабылданды. Мәселен, екі жыл бойы астық қолхаттары еркін айналымда жүр және олар икемді құрал болып табылып, ауыл шаруашылығына инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Осы бағытты жетілдіру үшін заң жобасы енгізіліп отыр», - дейді Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков.
Оның айтуынша, астық қолхаттары мемлекеттік электрондық тізілімнің жүйесіне енетін болады. Осы мақсатта астық қолхаттары айналымының ашықтығын және ішкі нарықтағы астық айналымын талдауды қалыптастыруды қамтамасыз ету нормалары енгізіледі. «Астық қолхаттарының қазіргі қолданыстағы жүйесі қамбалардағы астықты қадағалау үшін тиімді болмай отыр. Шын мәнінде астықтың есебін тиімді түрде жүргізу мәселелері астық қабылдау кәсіпорындары қызметкерлерінің және оның басшыларының адалдығына тәуелді болып отыр. Сондықтан да, олқылықтарға жол бермеу үшін астық қолхаттарының электрондық мемлекеттік тізілімін жүргізу болып табылады», - деді А. Мамытбеков.