Астық нарығында тәуелсіз болу үшін Қиыр Шығыстан қосымша терминал салған дұрыс - депутат Р. Мадинов

ТАНА. 10 қазан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Астық нарығында сыртқы факторлардан барынша тәуелсіз болу үшін Ресейдің Қиыр Шығысынан қосымша терминал салған дұрыс.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Астық саласы: жағдайы мен перспективалары» атты тақырыпта өткен Үкімет сағатында қосымша баяндама жасаған Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы, депутат Ромин Мәдинов осылай мәлім етті.

«Астық мәселесінде Қазақстан экспортқа бағдарланған мемлекет болғандықтан, көп жағдайда сыртқы факторларға тәуелдіміз. Оның үстіне Қазақстан астық экспорттайтын әлемнің бестігіне енгенімен, біз олардың ішінде теңізге шыға алмайтын жалғыз мемлекет болып отырмыз. Ал астықпен әлемдік сауданың барлығы теңіз арқылы жасалады. Осы тұрғыдан алғанда біз сыртқы факторлардан жеткілікті түрде тәуелсіз емеспіз», - деді Р. Мәдинов.

Осы ретте депутат Иран бағытында атқарылып жатқан шараларды құптайтынын айтып өтті. «Дегенмен Иран былтырғы жылы әкелінетін астыққа баж енгізіп, өзін аса сенімді әріптес ретінде көрсете алмады», - дейді ол. Депутаттың пайымынша, Қазақстанға өзіне тиесілі терминал ауадай қажет. Бұндай терминалдың бірі Қара теңізде салынып жатыр. «Бұдан бөлек, тағы бір терминалды Ресейдің Қиыр Шығысында Владивостокта, Находка маңында салған дұрыс. Осы бағыттағы мәселелердің бәрін Кедендік одақ арқылы реттеуге болады. Сонда ғана біз астық саласында сыртқы факторлардан тәуелсіз бола аламыз. Өйткені Оңтүстік-Шығыс өңірлеріне шыға алатын тағы бір нарықтық бағыт болса, еркінірек қимылдаймыз. Өйткені Қара теңіз арқылы астық шығаратын Ресей ол жаққа көп жолай бермейді», - дейді Р. Мәдинов.