Астық пулын құру жаңа инвестициялық жобаларға мүмкіндік береді - В.Ясинский

АЛМАТЫ. Қаңтардың 28-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/- Қазақстан, Ресей мен Украина арасында астық пулын құру арқылы біз болашағы мол жаңа инвестициялық жобаларға қол жеткізе аламыз. Бұл бағытта Қазақстанда Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ) тарапынан елдің экспорттық әлеуетін ұлғайту бағытында бірнеше жоба қаржыландырылды.

Бұл туралы ЕАДБ-нің басқарма мүшесі және сараптама жөніндегі директоры Владимир Ясинский бүгін Алматыда журналистермен кездесуі барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біздің инвестициялық қоржынымызда Қазақстанның агрокешенінің үлесі артып келеді. Жалпы сома көлемі 150 миллион доллардан, немесе біздің инвестициялық қоржынымыздың 12 пайызынан асты», деді В.Ясинский. Оның айтуынша, астық пулының құрылуы ЕАДБ үшін қосымша инвестициялық жобаларды береді.

«Қазақстан мен Ресей, Украина алдында тұрған негізгі мәселенің бірі астық экспортының инфрақұрылымын жетілдіру, яғни элеваторлар мен терминалдардың күшін арттыру. Бұл көлемді инвестициялар деген сөз. Сондықтан, оны ортақ күш біріктіре отырып жүзеге асырған өте орынды», дейді ЕАДБ басқарма мүшесі.