Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Астық саласы: жағдайы мен перспективалары» атты тақырыпта өткен Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков осылай айтты.
«Астық саласын реттеуге кешенді шаралар қабылдауды қажет етеді. Бұл ретте біз көптеген жылдар бойы монодақылдан кету туралы көп айтып жүрміз. Яғни, бізге барлық айналымды дамытып, саланы әртараптандыру керек. Осы мәселе көтерілгелі біршама жылдар өтсе де, біз әлі күнге тек қана бидайды субсидиялауды жалғастырып келеміз. Гектарына 300-400 теңге жұмсасақ та бұндай шара ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін экономикалық та, ынталандыру рөлін атқармайды. Шындығында, бюджеттің ауқымды қаражаты осы бағытта жұмсалып жатыр», - деді А. Мамытбеков.
Мәселен, министрдің мәліметінше, ағымдағы жылы бидай алқаптарын субсидиялау мөлшері 8 млрд. теңгеге жеткен.
«Біз көбінесе бөлінген қаражаттың тиімділігіне назар аударуымыз керек. Сол үшін астық шаруашылығын субсидиялаудағы қадамды өзгерткеніміз жөн. Біздің өндіріс майлы, бұршақты, жемшөп дақылдарына, сұранысы мол нарыққа қарай бейімделгені дұрыс», - деді министр.