АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық Асу Алмабаев (22-3) Қатар астанасы Доха қаласында өткен аралас жекпе-жектен UFC Fight Night 265 турнирінде АҚШ спортшысы Алекс Переспен (25-9). шеберлік байқасты.
Жеңіл салмақтағы бұл жекпе-жек үш раундқа есептелген еді. Қазақстандық файтер үшінші раундта қарсыласын тұншықтыру әдісімен жеңді.
Осылайша Асу Алмабаев ММА бойынша кәсіби мансабында 23 мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Ал Алекс Перес оныншы рет қарсыластарына есе жіберді.
Айта кетсек, кейінгі жекпе-жегінде отандасымыз Хосе Очоаны сенімді түрде жеңген еді. Ал оның алдағы қарсыласы Алекс Перес бұған дейінгі айқасында жапониялық Тацуро Таираға техникалық нокаутпен есе жіберген болатын.
Отандасымыз UFC турниріндегі кезекті айқасын өткізу үшін қараша айының басында Қатарға келген еді.
Асу Алмабаев 1994 жылы Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жаңаталап ауылында дүниеге келген. Аралас жекпе-жек жауынгері UFC демеушілігімен аса жеңіл салмақ дәрежесінде ойын көрсетеді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.