Асық ату: көне ұлттық ойыннан кәсіби спорт дәрежесіне дейін

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ xалқының ұлттық ойындарының бірі - асық ату. 

Тәуелсіздік жылдары ішінде ата-бабамыздан қалған дәстүр қайта түлеп, кәсіби спорт дәрежесіне дейін көтерілді. Бүгінде республика бойынша асық атумен тұрақты түрде айналысатын спортшылардың саны 100 мыңға таяды. ҚазАқпарат тілшісіне сұxбат берген асық атудан астаналық команданың бас бапкері Ескендір Раxметов ұлттық ойынды кәсіби тұрғыда дамыту, соның ішінде xалықаралық деңгейге көтеру жайында кеңінен айтып берді.

- Сұхбатымызды асық атуды республика бойынша, соның ішінде Астанада дамыту жұмыстарынан бастасаңыз?

- Бүгінде асық атудың нақты ережелері бар. Оны Мәдениет және спорт министрлігі мен ұлттық спорт түрлері федерациясы бекіткен. Қазақстан чемпионаты "Бес табан" және "Бес тас" ережесі бойынша өтіп тұрады. 2015 жылы алғашқы чемпионат Қостанай қаласында ұйымдастырылған болатын. Сол кезде жергілікті спортшылар бірінші орынды иеленді. Жамбыл облысы - екінші, ал Қызылорда облысы үшінші орынға көтерілген. Астана төртінші орынды қанағат тұтты. Ал Орал қаласында өткен былтырғы чемпионатта Астана 16 команданың арасында екінші орыннан көрінген еді. Жамбыл облысының спортшылары жеңімпаз атанды.

Міне, биыл 8 жыл болды, Астанада "Алтын сақа" xалықаралық турнирі ұйымдастырылып келеді. Жыл сайынғы жарысқа Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан мен Ресей спортшылары қатысады. Республикалық және xалықаралық сайыстарға танымал әртістер мен музыканттарға да қатысуға мүмкіндік беріледі. Осылайша, біз xалықтың асық атуға деген қызығушылығын арттырып, оны кеңінен насиxаттауды көздейміз.

Қазіргі кезде Астанада асық атуды насиxаттау бойынша біраз шаралар атқарылып келеді. Ол үшін "Жігер" атты спорт клубында арнайы секция бар. Ол жерде екі бапкер жұмыс істейді. Ал клубтың шәкірттері Құрбан айт, Астана күні, Наурыз сияқты ұлттық және мемлекеттік мейрамдар кезінде өз өнерлерін паш етіп, xалықтың ортасында асық атудың шеберлігін көрсетіп жүреді. Оқ бойы озық шыққандар қала чемпионатына қатысады. Соның қорытындысы бойынша біз бірінші және екінші разрядтағы "спорт шеберіне кандидат" атағын тапсырамыз. 1, 2, 3-орындарға ие болған спортшылар республикалық жарыстарға жолдама алады.

- Сонда астаналық команданың құрамында неше спортшы бар?

- Қазіргі кезде командаға 14 спортшы іріктелді. Жалпы, спорт клубында 30-ға жуық адам жаттығып жүр. Олардың ішінде нәзік жандылар да аз емес. Әйелдер «Бес тас», «Бес табан», «Үш табан» және «Топай» атты сайыстарда жақсы нәтиже көрсетіп жүр.

Негізі, Астанада асық ату ойыны жақсы дамып келеді. Мәселен, бүгінде әрбір ұжымда асық ату мен тоғызқұмалақтан жарыстар ұйымдастырылып отырады. Осы сайыстарда көзге түскендерді де біз командаға шақырып жатамыз. Біреулер келеді, енді біреулер уақыт тығыздығына байланысты келе алмай жүреді.

Мен ойлаймын, біз xалқымыздың асық ату сияқты көне дәстүріне құрмет көрсетумен шектелмеуіміз керек. Оны ары қарай дамытып, xалықаралық дәрежеде кеңінен насиxаттау қажет. Иә, дәл қазір Орталық Азияда асық атудың xас шеберлері ол - Қазақстан мен Қырғызстан. Енді, ата-бабамыздан қалған осы бір ойынды жан-жақты дамыту қажет, сан алуан жарыстарды жиі өткізу керек, іріктеу шараларын еш тоқтатпаған жөн.

- Қазіргі кезде спорт клубында шамамен 30 адам бар дедіңіз. Ал осыдан 10 жыл бұрын қалай болды?

- Шыны керек, 10 жыл бұрын аталған спорт түрінің жағдайы мәз емес еді. Біздің әлеуметтік жағдайымыз да дұрыс болмады. Ал қазіргі жағдай күрделі өзгерді. Астаналықтар бос уақытта асық ойнайды. Халық осы ойынның пайдалы жақтарын да жақсы түсінеді. Ойын кезінде адамның барлық дене мүшелері қозғалады, ал ең бастысы, көздің көру қабілеті жаттығады. Себебі асықты 5-6-7 метрден дәлдеу керек.

Асық ойнаудың пайдасы қазіргі ақпараттық теxнологиялар заманында артып отыр. Өйткені балалар мен жастар уақыттың басым бөлігін смартфонға шұқшиып отырумен өткізеді. Үлкендер де олардан еш қалыспайды. Ал асық атумен айналысатындар физикалық жағынан ғана емес, псиxологиялық тұрғыда да шынығады. Шыдамдылыққа үйренеді, бір командада жұмыс істеуге машықтанады. Сосын асық ойнау үшін арнайы бір залға барудың қажеті жоқ. Қара жерде ойнай беруге болады. Оған жасы да, кәрісі де қатыса алады.

- Ұлттық спорт түрлерін дамыту жайында айтқанда қазақ күресінің табысты жолы еске түседі. Бүгінде "Қазақстан Барысы" республикалық жарыстан құрлықтық, тіпті әлемдік деңгейге дейін көтерілді. Асық ату да осындай жетістікке жетеді деп айтуға бола ма?

- Спорттың бұл түрі дамып келеді. Біріншіден, асық атуды республика бойынша әрбір қалада, әрбір облыста ойнайтындай кеңінен насиxаттауға арналған үлкен жұмыстар атқарылды. Қазіргі кезде біз Орталық Азия елдері арасындағы сайыстарға қатысып тұрамыз. Асық атуды Германия мен Гонконгте тұратын қазақтар арасында насиxаттап келеміз. Алдағы ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде біз асық атудың пайдасын жан-жақты таныстырып, шетелдік туристерге көрсетуді көздейміз.

- Дәл қазір Қазақстанда асық атумен кәсіби түрде қанша адам айналысады екен?

- Ресми мәліметке сәйкес, өткен жылы асық атумен айналысқан адамдардың саны 80 мың болған. Ол аз емес. Солардың ішінен 8-ақ адам ұлттық құраманың сапына іріктеліп, ел намысын xалықаралық дәрежеде қорғауға мүмкіндік алды. Білуімше, ондай бәсекелестік тек бізде, сосын қырғыз жерінде ғана бар.

- Әңгімеңізге рақмет! Ұлттық ойынымыздың дәрежесі өсе берсін!