Асық ойынын ауыл баласының еншісінде ғана қалдырмай, ұлттық спорт түріне көтерсек

Фото: None
АСТАНА. Қаңтардың 19-ы. ҚазАқпарат/ Айбын Бақытұлы/ -Асық - қазақ балаларының ежелден келе жатқан ұлттық ойындарының бірі. Ауылдан шыққан қай-қайсымыздың да бала күнімізде құмартып асық ойнамағанымыз кемде-кем. Өкінішке қарай, бұл күнде асық ойнайтын бала азайып, қалалы жердегі балалар мұндай ұлттық ойын бар екенін де ұмытып барады.

Ал негізінде асық ойыны (суреттегі кәдесыйлық асық "Әдемі-ай" фирмасының өнімі -ҚазАқпарат) халқымыздың тұрмыс-салтының ажырамас бөлігі, ұрпақ тәрбиесінің бір құралы іспетті емес пе еді?!
Асықтың қазақ халқының өмірінде өзіндік орыны болғанына мына мысалдар да бұлтартпас дәлел бола алады деп ойлаймыз.

Бірінші мысал. Халқымызда «асығың алшысынан түссін» деген жақсы тілек бар. Асық ойынында кімнің сақасы алшысынан түссе, сол бірінші атады немесе басымдыққа ие болады. Яғни, асықтың алшы тұруы оның иесіне (балаға) сәттілік жолдас болып тұрғанын білдіреді. Сондықтан, аталарымыз белгілі бір оқиғаға, болмаса жағдайға байланысты мерейлі болғанын қалайтын адамына осындай тілек айтқан. Бұл сөз қандай да бір даулы мәселеде, айтыс-тартыста, бәс тігілген сәттерде мерейі үстем шыққан немесе бастаған ісі игі жалғасын тапқан азаматтарға қарата: «асығы алшысынан түсті» деп те қолданылады.

Екінші мысал. «Қой асығы демегін, қолыңа жақса, құлжа (сақа) ғой». Бұл нақыл да қазақтың болашағынан үмітті балаға қаратып айтылатын сөзі. Бала деп жасытпай, сеніммен қарасаң, тәжірибеңмен бөлісіп, тәліміңді берсең, ол да ертең елдің жүгін арқалар азаматың деген мағынадағы үмітті меңзейді.

Обьективті болу үшін асыққа қарсы мысалды да келтіргенді жөн көріп отырмыз. Қазақта «асық ойнаған -азар, доп ойнаған -тозар, бәрінен де оқу оқып, білім алған озар» (ертеректегі нұсқасында «қой бағып, құйрық-бауыр жеген озар») деген нақыл да бар. Оның балаларды білімге шақырған насихат тұрғысынан айтылғаны мәлім. Баланың асық ойынына құмартып, оқу-білімді естен шығармасы үшін айтылғандықтан, бұл сөздің де жаны бар. Бірақ біздің қоғамның қазіргі даму деңгейінде бұлай қауіптенуге ешқандай негіз жоқ деп ойлаймыз (қайта қазіргі қоғам балаларымызды компьютер ойындарына деген құмарлық дертінен қалай қорғау мәселесіне шындап бас қатыруы керек секілді).

Сонымен, бильярдты былай қойып, еуропа жұрттары мұз үстімен сырғаната лақтырған кеспек тасының алдын үйкелеп, нысанасына жеткенше ақ тер-көк тер болатын кёрлингі мен 20-30 қадам жерден домалатып жіберген добын ойлы -қырлы жазықпен діттеген жеріне дәл жеткізуді көздейтін, біздер үшін түсініксіз спорт түрлеріне тұтастай бір стадиондарды толтырып, тікелей эфирден таратып жатқанын көргенде, біздің асық оған қарағанда әлдеқайда қызықты ойын екен деген байламымыз беки түседі. Тек тиісінше көңіл бөліп, ұлттық ойынымыздың осы бір түрін ауыл баласының ғана еншісіне қалдырмай, республикалық дәрежедегі қызықты спорттың түріне айналдыру ісіне көп болып атсалысу керек. Бұл үшін асықты ұлттық ойынның түрі ретінде бір жүйеге келтіріп, ережелерін бекіту арқылы мектепішілік спорт ойындарының қатарында насихаттауды ұсынамыз. Өйткені асық - қимыл-қозғалыстың ойыны. Ендеше оны салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында да насихаттауға болады.

Асық ойыны өзінің түрлеріне қарай баланың мергендігін, шапшаңдығын, ептілігін және қырағылығын жетілдіреді. Бір мезгілде бірнеше бала ойнайтындықтан, қатарынан озсам деген талпынысты бойға қасиет қылып сіңіреді. Мұның сыртында асықтың атып ойнайтын түрлері үнемі қимыл-қозғалысты қажет ететіндіктен, денені қыздырып, бойдағы қан айналымын жақсартады. Үнемі отырып-тұру, жүрелей отыру, тізені жартылай бүгу, жиырылу, ширығу аяқ-қолдың буын ауруларының алдын алады.

Егер оны мектептерде спорттық ойынның бір түрі ретінде ұйымдастырып, дамыта алсақ, балаларға патриоттық тәрбие беріп, ойынға қатысқан өзге ұлт балаларының құлағына қазақ тілін де шым-шымдап сіңіре беруге болады.

Мұны қайтіп және қалай жүзеге асырамыз?

Бұл үшін асық ойынын мектеп ішінде ұлттық спорт түрі ретінде насихаттауға (Білім және ғылым министрлігінен, білім департаменттерінен) рұқсат етілуі тиіс. Осыдан кейін бастапқыда бір-екі мектепте дене тәрбиесімен айналысатын мұғалімдерге асық ойынының бірнеше түрінің ережесі мен өткізу тәртібі жазылған арнайы нұсқаулық кітапшалар таратып, семинар-тренинг өткізу керек. Сосын дене тәрбиесі сабағында балаларға асық ойынының ережелері үйретіліп, тоқсандық бағдарламаның 1-2 сағатын асық ойынына арнау қажет. Балалар ережені үйреніп, асық атудың әдіс-тәсілдерін меңгерген кезде Наурыз және ҚР Қарулы күштері мерекесі, сондай-ақ «Жігіт сұлтаны» секілді мектепішілік шаралардың бағдарламасына енгізілуі тиіс. Бұл оның қан қыздыратын жарыс түрі ретінде мектеп ішінде кеңінен танылуына септігін тигізеді. Келесі қадам - асық ойындары бойынша мектепішілік жарыс болуы тиіс.

Хош, енді патриоттық тәрбие мен қазақ тілін қалай насихаттаймыз деген сауал туатыны анық.

Бұл жерде асық ойыны мектепішілік ауқымды спорттық шараға айналғанда, патриоттық тәрбие де оның ажырамас бөлігіне айналады. Мұндай іс-шараның міндетті түрде жүргізушісі (оқушылардың өз ішінен сөзге жүйрік бір-екеуі немесе қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі) болады. Патриоттық насихаттың негізгі салмағы да осы жүргізушілерге түседі. Жүргізушілер ойын бағдарламасын халқымыздың салт-дәстүрімен байланыстырып, жарыстың көрігін түрлі мақал-мәтелдермен, шешендік сөздермен өрнектей отырып қыздыруы тиіс. Қандай мектеп болмасын, осындай іс-шараға икемді оқушылар міндетті түрде табылады.

Келесі қадам

Асықтың біз әзірге «Үш табан», «Шеңберден шығару», «Көтеріспек» (тигізбекіл) сынды атып ойнайтын түрлерін ғана қарастырып отырмыз. Оның себебі - асық ойынының осы түрлерін мектептің спорт залдарында, жаздыгүні спорт алаңқайында ойнауға мүмкіндік бар.

Үш табан, Шеңберден шығару, Тигізбекіл немесе көтеріспек ойындарындағы бірінші шарт - кезек анықтау. Кезекті төреші анықтайды.

Төреші - ойынның әділ жүруін қадағалаушы адам. Мектепте ол дене тәрбиесінің мұғалімі немесе асық ойынын жақсы білетін кез-келген адам болуы мүмкін.

Кезек анықтау былай жүзеге асады: Төреші ойынға қатысушылардың сақаларын бір қолға жинап, шиырып шашу арқылы анықтап алады. Кімнің сақасы бірінші болып алшысынан түссе, асықты сол бірінші, ал егер бір сақа -алшы, тағы бір сақа тәйкі түссе, тәйкі түскеннің иесі екінші болады. Мысалы, қатысушы 4 бала болса, сақаларды шиыра шашқанда бір алшы, бір тәйкі түссе, олар сәйкесінше бірінші, екінші кезекті алады да, қалған екі сақа тағы шиырылады. Қайсысы бірінші алшы не тәйкі түссе, сол үшінші болады.

Бір ескеретіні: сақаларды шиырып шашқанда, біреуі ғана тәйкі тұрып, қалғандары бүк не шік түссе, бірінші кезекті тәйкі тұрған сақаның иесі алады. Ал егер екі сақа бірдей тәйкі не алшы түссе, онда сол екі сақа жеке иіріледі. Қайсысы алшы не тәйкі тұрады, кезек соныкі, ал екеуі де тұрмаса, қалған сақаларға қосып, қайта иіріледі. Сақасы тұрмаған соңғы бала түпте қалады. Түп - атуға тізілген асықтардың (түбі) жаны деген сөз.

Үш табанды - 2 немесе 3-4 бала (мектеп залында төрттен көп болмағаны жөн) 1 (2) асықтан тізіп ойнайтын ойын.

Кімнен кейін кім екені жоғарыдағыдай амалмен анықталғасын, бірінші бала тізілген асықтардың бір жақ бетіне шығып, қашықтау (тізілген асықтан есептегенде 2,5 -3 метрден алыс болмауы керек) жерге сақасын иіреді. Сақасы алшы немесе тәйкі тұрса, тізілген асықтарды атады. Атқанда асыққа тигізіп қана қоймай, оны табанмен санағанда (адым емес) 3 табан қашықтықтан асыра ұшыруы тиіс. Сонда ғана ол ұшырған асығын алады және ойынды жалғастырып, сақасы тоқтаған жерден тағы атады. Егер тигізе алмай қалса, сақасы тоқтаған жерінде тұрады. Кезекті екінші бала алады. Ол біріншіге қарама-қарсы жаққа барып, сақасын иіреді, (сақасы тұрса, асықты атады) немесе түптен, яғни өкшесін асық тізілген сызықтан қойып тұрып, бірінші баланың сақасын көздеп атуына болады. Егер ол біріншінің сақасына тигізіп, 3 табан өлшемнен асыра ұшырса, бірінші бала ойыннан шығады да, ортаға тізілген асықтардың біреуі екінші балаға тиесілі болады. Ол да ойынды сақасы тоқтаған жерден жалғастырып, тізілген асықтарды атады. Тиген асығын тиісті қашықтыққа ұшырса, алады. Тигізе алмаса, бірінші сақаны «күйдірген» ақысына бір асығын алады. Үшінші бала да қаласа, екіншінің сақасын атады. Қаламаса, екіншінің сақасына қарама-қарсы, тізілген асықтардың екінші жағына 2,5-3 метр қашықтықта сақасын иіреді. Алшы не тәйкі тұрса, тізілген асықты атады. Сақасы тұрмаса, түскен жерінде тұрады. Енді алдыңғы екеудің бірінің сақасын ату құқығына түптегі бала ие болады. Бірақ оның таңдау құқы бар. Қаласа, түптен үш табан салып, санайды да сол жерден әлгі сақаны атады. Қаламаса, түпке сақасын иіреді. Егер алшы/тәйкі тұрса, түптегі асықтарды шертуге құқық алады. Бұл іс жүзінде ұтысты білдіреді. Өйткені, асық ойынында шерту ең оңай тәсіл саналады. Егер сақасы тәйкі не алшы тұрмаса, ойыннан шығып қалмаған балалар кезек ретімен асықты атады. Бұл кезде де жоғарыда айтылған тәртіп ереже-сақталады. Тек бірінші атқан бала асыққа тигізе алмай қалса, сақасы барған жақта тұрған екінші бала қаласа, әлгінің сақасын «күйдіреді», қаламаса ортадағы асықты атады. Ал түптегі бала екі жақтағы сақаның жақын түскенін өзіне сенсе, атуына болады, бірақ бұл жолы үш табан салмай, түптен тұрып атады. Ойын осылай тізілген асық біткенше жалғаса береді. Мұндайда бірінші не екінші бала мерген болса, ойын кейде 2-3 минутқа ғана жалғасады.

Шеңберден шығару. Ойын шарты бойынша диаметрі 1,5-2 метрлік, кейде одан да үлкен шеңбер сызылады. Қатысушы балалар шеңбердің дәл ортасына (5-6 бала болса, бір-бірден, 2-3 бала болса, екі асықтан) бір-бірден асық тізеді. Тағы да сақаларын бір қолға жинап, шиыра шашады. Шарт бірінші ойындағыдай. Ату кезегі сақаларының алшы/тәйкі тұруына қарай анықталады. Сосын шеңберден ортасында тізілген асықтан есептеп, екі жаққа қарай адыммен 4-5 қадам жасап, белгі сызады да, сол сызықтан тұрып кезегімен шеңбердің ортасында тізілген асықтарды атады.

Шарт бойынша ортадағы асықты шеңбер сыртына атып шығарған бала (бір атқанда екі асықты шығарса да мейлі) алады және ойынды сақасы түскен жерден жалғастырады. Бірінші атуында сақасы бір немесе 2-3 асықты құлатып кеткен болса, алдымен соның бірін атады. Атқан кезде шеңберден шықпай қалған мұндай асықтар «өлік» деп аталады. Олар ортаға қайта тізілмейді. Егер бірінші бала «өлікті» де шеңберден шығара алмай қалса, қалған балалар кезегімен шеңберден келіп атады. Онда да бірінші кезекте тізіліп тұрған асықтарды емес, «өлікті» атады. «Өлікті шығарғаны сақасы тоқтаған жерден тізіліп тұрған асықтарды атады. Сыртқа шығарса, асығын алады да тағы атады. Шығара алмаса, өзінен кейінгі бала шеңберден тұрып, «өлікті», ол жоқ болса, тізілген асықтарды атады. Ойын барысында «өлік» асық шеңберге тым жақын болып қалса, табан салып өлшейді. Егер шеңбер мен асықтың арасы бір табаннан жақын болса, ол асықты сол жерден шеңбердің тура қарсы бетіне қарай шертіп шығаруға болады. Егер шерте алмайтын болса, «өлікті» алып, тура шеңбер сызығына омпысынан қояды да, шеңбердің қарсы бетінен тұрып атады. Ойын осы ретпен жалғасады. Кім асықты көп ұтса, сол жеңеді.

Тигізбекіл немесе көтеріспек. Мұны екі-үш бала ғана ойнайды.

Ойынды екі бала бір қатарда тұрып бастайды. Алдымен біреуі сақасын алыстау қашықтыққа иіріп (бірақ екі метрден алысқа лақтырмауы тиіс) тастайды. Екіншісі әлгі сақаны көздеп атады. Мақсат - тигізу. Егер тигізсе, бірінші бала екіншісін сақасы түскен жерге дейін арқалап барады. Сосын өзі атады. Тигізер болса, арқалау кезегі екіншіге келеді. Ойынды осылай белгілі бір межеге дейін (шағын спорт залдың бір жағынан екінші жағына дейін) немесе уақыт белгілеп ойнауға болады.

Жоғарыда біз асық ойынының ең көп таралған үш түрін ғана мысалға алып, солардың қарапайым ережелерін ғана айттық. Әлбетте, бұл ойын кең өріс алып, дамып жатса, оның ережелері де жетілдіріле беретіні анық. Өйткені, далада ойнауға қолайлы бұл ойындарды спорттық залдарға бейімдеу кезінде артық-кем тұстары түзелуі тиіс. Көп болып кірісіп, жан-жақты қолдау көрсете алсақ, уақыт өте келе телекамералардың мүмкіндігін пайдаланып, республикалық деңгейге де көтеруге болар еді. Себебі бұл ойынының көрермені көп болатынына сенім мол.