2007 жылы Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының қолдауымен құрылған телеарна 2008 жылы сол кездегі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінде электронды бұқаралық ақпарат құралы ретінде тіркелген еді. 2009 жылы 20 тамызда Рамазан айына орайлас «Асыл арна» телеарнасының ресми ашылуы өтті.
Алғашында телеарнаны Алматы және Қызылорда қаласының көрермендері көруге мүмкіндік алған болатын. Бүгінде Қазақстанның барлық ірі қалаларында кабелдік желі арқылы хабар таратады. Өткен жылдың маусым айынан бастап, арна өз көкжиегін кеңейтіп, спутник жүйесіне қосылды. Қазақстанның бірнеше қалаларында арнаның тілшілер қосыны жұмыс жасайды.
Қазақстанның Ислам ынтымақтастығы ұйымына төрағалығына орай телеарна биыл Қазақстанның бірнеше әсем, көрікті мекендеріне экспедиция ұйымдастырып, алынған сапалы бейнеконтент негізінде Қасиетті Құран сүрелері берілетін «Құран нұры» жобасын бастады. Төрағалық аясында ұйымға мүше мемлекеттермен, олардың еліміздегі елшілерімен, еларалық қарым-қатынасына арналған «Ислам ынтымақтастығы» бағдарламасы да эфирден жол тартты. Қазір телеарнада алпысқа жуық бағдарлама бар. Биылғы оразада телеарнаның эфирлік кескін- келбеті, дизайны жаңарды. Биылғы жылдың көктемінен бастап арнаны сайт арқылы онлайн жүйеде көруге мүмкіндік берілді.
Телеарнаға айтыскер ақын, дінтанушы Мұхамеджан Тазабеков жетекшілік етеді. Атап өтейік, «Асыл арна» әзірге ТМД шеңберіндегі тұңғыш, әрі бірден бір дербес ислами ағартушылық арна болып отыр.