«Қазіргі уақытта 3-сыныпты астықтың орташа бағасы тоннасына 27-28 мың теңгені құрап отыр. Бұл біздің болжаған көрсеткіштен әлдеқайда көбірек. Сондықтан қазіргі кезде «Азық-түлік корпорациясының» сатып алу акциясын ашуға сәл ертерек болуда. Атап айтқанда, бүгінде жиналған 12,5 млн. тонна астықтың элеваторлаға тек 2 млн. тоннасы жеткізілді», - деді министр.
«Біз бұл жағдайға белсенді түрде мониториг жүргізудеміз. Қазіргі уақытта элеваторларға астық көп жеткізіліп жатқан жоқ. Экспорт жүріп жатыр, сонымен қатар ішкі қажеттілік те бар, сондықтан нарық тиісті теңгерімді ұстап отыр. Бірақ бұл теңгерім астық бағасының төмендеуіне қарай бұзылатын болса, онда кез келген уақытта «Азық-түлік корпорациясы» өзінің сатып алу акциясын бастауға дайын болады. Жылда бұл акцияны «Азық-түлік корпорациясы» қыркүйектің басында бастайтын еді, бірақ та биыл егін ору науқаны екі аптаға кешірек басталды»,- деді А. Мамытбеков.
«Азық-түлік корпорациясы» астық сатып алу акциясын қашан бастайды?» деген сауалға А. Мамытбеков: «Осы сатып алулар биыл мүлдем қажет болмауы мүмкін. Өйткені нарықтағы тоннасына 27-28 мың теңге - бұл өте жақсы баға. Бірақ қысқа мерзімде баға төмендесе, онда аталған сатып алулар басталады», - деді ведомство басшысы.
Соңғы 4-5 жылда «Азық-түлік корпорациясы» астық нарығын тұрақтандыру мақсатында аталған сатып алуларды жүзеге асырып келеді. Министрліктің пайымынша, биыл нарықтағы жағдай мемлекеттік органдардың белсенді араласуын қажет етпей отыр, себебі нарықтағы сұраныс пен ұсыныс теңгерімді қалыпта.