Асыраушыдан айырылғанда берілетін жәрдемақы қалай есептеледі
«Асыраушысынан айырылған жандарды әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі көп деңгейлі. Асыраушысынан айырылған жағдайда отбасы мүшелеріне мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы базалық деңгейде тағайындалады. Мемлекеттік жәрдемақы тағайындауда еңбек өтілі мен табысы есепке алынбайды. Жәрдемақының мөлшері қайтыс болған адамның отбасы мүшелерінің санына және елдегі ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты», - делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ҚазАқпарат тілшісі жолдаған сауалына жауабында.
Министрліктің мәліметінше, биыл 1 қаңтарда асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы мөлшері 8,5% өсті. Ал 1 шілдеден бастап оның мөлшері орташа 14,5%, жылдық мәнде 23% артты.
«Бюджет қаражаты есебінен асыраушысынан айырылған жандарға базалық жәрдемақыға қосымша әлеуметтік қолдау міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы және мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының асырауындағыларға да көрсетіледі.
Аталған әлеуметтік төлем 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер және күндізгі бөлімде оқитын студенттерге 23 жасқа дейін тағайындалады. Асыраушысынан айырылған жағдайда тағайындалатын әлеуметтік төлемнің мөлшері республикалық бюджетке сәйкес артып отырады», - деген түсініктеме берілді министрліктен.
Одан бөлек, егер азамат жұмыста жазатайым қайтыс болған жағдайда оның отбасы мүшелеріне сақтандыру шартына сәйкес ай сайынғы төлем жүзеге асырылады.