Асыраушысынан айрылған отбасыларға берілетін жәрдемақы 9% артты
«Асыраушысынан айрылған жағдайда берілетін әлеуметтік төлем бала 18 немесе 23 жасқа толғанша беріледі. Аталған төлем бала ата-анасынан айрылған жағдайда тағайындалады. Егер әкесі қайтыс болса, төлем анасына беріледі немесе керісінше. Сол сияқты төлем отбасындағы баланың санына қарай тағайындалады», - деді Нұрсұлу Кемел ОКҚ-де өткен брифинг барысында.
Қор басшысының мәліметінше, қазір елімізде 57 мыңнан астам отбасы асыраушысынан айрылғаны үшін берілетін төлемді алып отыр.
«Бір жылдың ішінде кемінде 7 мыңға жуық жаңа әлеуметтік төлем тағайындалады. Бала 18-ге толғанда төлем автоматты түрде тоқтатылады», - дейді ол.
Сонымен қатар спикер былтыр асыраушысынан айрылғанда берілетін төлемге 27 млрд теңге, ал биыл 6 айда 18 млрд теңгенің жұмсалғанын айтып өтті.
«Биыл 1 қаңтардан бастап асыраушысынан айрылған және еңбек ету қабілетінен айрылған жағдайда берілетін төлем көлемі 5 пайызға артты. Ал биыл 1 сәуірден бастап аталған төлемдердің көлемі тағы 4 пайызға өсті. Осылайша былтырға қарағанда 9 пайызға артып отыр», - деп толықтырды Н. Кемел.
Бұған дейін елімізде 450 мыңға жуық адамның жұмыссыз жүргенін хабарлаған едік.
Айта кетсек, өткен жылы 3 мыңнан астам ер адам бала күтіміне байланысты декретке шыққан.